ЖҰМЫССЫЗ ЖӘНЕ NEET САНАТЫНДАҒЫ ЖАСТАРДЫ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНА ТАРТУ ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысында мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Жыл басынан бері өңірде осы бағытта 4536 іс-шара ұйымдастырылып, оған 434 мыңнан астам жас қамтылды. Сонымен қатар 15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмендеген. Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте жан-жақты қаралды.
Жиында өңір басшысы жастарды тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмысты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Облыстың жастар саясатын дамыту бағытындағы жұмыстарға талдау жүргізіп, жаңа қадамдық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді қолға алыңыздар. Одан өзге жастар арасындағы қылмыстың алдын алу және оның деңгейін төмендету, жұмыспен қамту, көшбасшы жастарды даярлау бағытындағы жұмыстарға баса назар аудара отырыңыздар. Бұдан бөлек, жастар арасында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, ғылыми-техникалық мамандықтардың маңыздылығын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, – деді.
Мәжілісте облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, жастар арасында өзекті мәселелер айқындалып, оларды шешуге бағытталған кешенді жұмыстар жүзеге асырылып келеді.
«Отбасын қолдау орталықтары» арқылы жастар мен жас отбасыларға отбасын жоспарлау, дәстүрлі отбасы құндылықтарын дәріптеу және отбасы институтының жауапкершілігін нығайту бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Түркістан және Кентау қалаларында, сондай-ақ Төлеби ауданында «Жастар денсаулық орталықтары» қызмет көрсетуде.
Жыл басынан бері аудан-қалаларда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде интернет-алаяқтықтың, сыбайлас жемқорлықтың және нашақорлықтың алдын алу мақсатында 590 нысанда аудиоджинглдер қосылып, 650 ақпараттық плакат орналастырылды. Ал «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында өткен оқу жылында 7 мыңнан астам профилактикалық кездесу өткізіліп, оған 450 мыңнан астам оқушы қатысты.
Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ернар Бектаев та атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 18 жастар ресурстық орталығы мен 149 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Өңірде 27 713 жас волонтер тіркелген. Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 1540 үйірме жұмыс жасауда.
Жастардың кәсіби бағдарын айқындау мақсатында биыл Республикалық «Жастар» ғылыми-зерттеу институтының мамандары аудан-қалаларда NEET санатындағы жастармен кездесулер өткізіп, оған 1700 жас қатысты. Нәтижесінде жұмыспен қамту және кәсіби бағдар беру бағытындағы бірқатар ұсыныстар әзірленді.
Жыл басында «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінде NEET санатындағы 12 023 жас тіркелген болса, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде олардың саны 8 332-ге дейін қысқарды. Мансап орталықтары арқылы 1567 жас тұрақты жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар жұмыссыз және NEET санатындағы жастар үшін облыстағы 16 өндірістік кәсіпорынға экскурсиялар ұйымдастырылып, оған 1685 жас қатысты. Бұл бастама жастарды өндіріс орындарының қызметімен таныстырып, еңбекке ынталандыруға бағытталған. Алдағы уақытта NEET санатындағы жастарды кәсіби бағдарлау, бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне кеңінен тарту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы мен Skills Enbek платформасы арқылы кәсіптік оқытуды жалғастыру жоспарланып отыр.
Кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру бағытында биыл 44 967 жасқа кеңес беріліп, жүйелі жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1140 жас грантқа ие болды.
Жастарды әскер қатарына тарту жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында 2470 жас Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды.
Сонымен бірге «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы мен «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында өңірде жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілігін арттыру және еріктілер қозғалысын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде облыста 415 сенбілік ұйымдастырылып, оған 98 мыңнан астам жас белсенді қатысты.
