801 ЕЛДІ МЕКЕННІҢ 769-Ы МОБИЛЬДІ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛДЫ
Түркістан облысында цифрландыру, байланыс және интернет инфрақұрылымын жетілдіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте кеңінен қаралды.
Мәжілісте өңірдегі байланыс және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Бүгінде облыстағы 801 елді мекеннің 769-ы 4G және 3G мобильді байланыс желісімен қамтылған. Қалған 32 елді мекенді кезең-кезеңімен интернет желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өңірде 196 аумақта 5G базалық станциясы іске қосылған.
Байланыс сапасы төмен 95 аумақтың 72-сіндегі мәселе шешімін тапса, қалған елді мекендердегі жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 372 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары жүзеге асырылуда.
Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында облыс аумағында 1834 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы қосымша 8000 бейнебақылау камерасы мен 750 аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жұмыстары басталған.
Сонымен қатар мектептердегі интернет сапасын онлайн режимде бақылау жүйесі, облыс әкімдігіне арналған жасанды интеллект негізіндегі цифрлық көмекші, геоақпараттық портал арқылы заңсыз құрылыстарды анықтау және 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысын толық цифрландыру бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров байланыс операторлары ұсынатын мобильді интернет пакеттерінің тиімділігіне жан-жақты талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар өңірде 5G желісін дамытуға бағытталған кешенді шараларды қабылдауды міндеттеді. Бұдан бөлек, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кешенді жол картасын әзірлеп, атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы ай сайын есеп беруді тапсырды.
