МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІ ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, еліміздің 2026 жылғы қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есепті тыңдады. Сондай-ақ экономиканы одан әрі әртараптандыру бағытында жүзеге асырылатын жоспарлармен танысты.
Премьер-министрдің мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 4,1 пайызға өскен. Экономиканың негізгі салаларында да оң динамика қалыптасқан. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, көлік саласы 7,1 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға, сауда 5,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға және байланыс қызметі 4,3 пайызға артқан.
Олжас Бектенов негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңгені құрағанын, оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 21,4 пайызға ұлғайғанын баяндады.
Премьер-министр Мемлекет басшысына ұлттық экономиканың құрылымын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де есеп берді. Оның айтуынша, биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 200 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар Үкімет басшысы ірі автожол жобаларының жүзеге асырылу барысы, Астана қаласында екінші әуежай салу және Tarlan Astana көлік жүйесінің келесі кезеңін жоспарлау жұмыстары туралы баяндады.
Кездесуде тұрғын үй құрылысы саласындағы жоспарлар да қаралды. Биыл пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемі 15 триллион теңгеге жетіп, егістік алқаптарының көлемі 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайған. Сонымен қатар шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлінген. Бұл ретте бюджеттен бөлінген әрбір теңге 6,5 теңге көлемінде жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берген.
Премьер-министр Мемлекет басшысына халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуы және инфляцияны төмендету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы да ақпарат берді. Маусым айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайызды құрады.
Сондай-ақ Президентке әлеуметтік және көші-қон саясатын жетілдіру нәтижелері, азаматтарды еңбекке ынталандыру арқылы әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстар таныстырылды. Кейбір әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жыл сайын 800 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеу көзделіп отыр.
Кездесу барысында жылыту маусымына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Премьер-министрдің айтуынша, өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша бес жылу электр орталығы аса жоғары тәуекелдің «қызыл» аймағынан шығарылып, үш жылу электр орталығы «жасыл» аймаққа ауыстырылған. Биылғы жөндеу науқаны аясында 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны жаңғырту жоспарланған. Бұл мақсатқа 384 миллиард теңге бөлінген. Сонымен қатар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 12 мың шақырым инженерлік желі жөндеуден өткізіледі.
Президентке цифрландыру және ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы туралы да мәлімет берілді. Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» жобасын жүзеге асыру мақсатында әлемдік ІТ көшбасшыларымен бірлесіп, қуаты 250 мегаватт болатын заманауи инфрақұрылым қалыптастырылатынын айтты. Аталған жобаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 10 миллиард АҚШ долларынан асты.
Кездесуде туризм инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі де қаралды. Премьер-министр Алматы тау кластерін дамыту туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Almaty SuperSki жобасының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқаны баяндалды. Ұзындығы 60 шақырым болатын тау шаңғысы трассалары толық аяқталғаннан кейін кешен тәулігіне 10 мың адамға дейін қабылдай алады. Нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстанның «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық жарыстарын өткізуге дайын екені айтылды.
Премьер-министр Мемлекет басшасына жаңа Конституцияға сәйкес жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы да баяндады. Атап айтқанда, заңнаманы Ата заң талаптарына сәйкестендіру, «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, Алатау қаласын қарқынды дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастыру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасын ілгерілету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуіне бағытталған жүйелі реформаларды жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар Үкіметке әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны іске асыру міндетін жүктеді. Бұл бастама халықтың тұрмыс сапасын едәуір жақсартуға бағытталған. Мемлекет басшысы заманауи денсаулық сақтау нысандарын салу мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды.
