ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ СӘУЛЕТІ САЙ БОЛУЫ ТИІС
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында өңірде жүзеге асырылуы көзделген бірқатар инвестициялық және әлеуметтік нысандардың сәулеттік тұжырымдамалары қаралып, олардың қала құрылысы талаптарына сәйкестігі, инженерлік шешімдері және өңірдің даму жоспарларымен үйлесімділігі жан-жақты сараланды.
Кеңес барысында инвесторлар өз жобаларын таныстырып, олардың өңір экономикасын әртараптандыруға, туризм саласының әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға қосатын үлесі туралы баяндады. Сонымен қатар ұсынылған нысандардың сәулеттік келбеті, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі, қоршаған ортамен үйлесімділігі және заманауи құрылыс талаптарына сәйкестігі кеңінен талқыланды.
Инвестициялық жобаларды іске асыру өндіріс көлемін ұлғайтуға, ішкі және сыртқы инвестиция тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беруге, салық түсімдерін көбейтуге, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ел экономикасының тұрақты дамуына, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға оң әсер етеді.
Соңғы жылдары Түркістан облысында өндірістік парктердің саны артып келеді. Бұл өндіріс орындарын шоғырландырып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, инженерлік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және жаңа кәсіпорындардың ашылуына жол ашуда. Өндірістік парктердің дамуы өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, импортты алмастыратын және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.
Облыс әкімі әрбір жобаның сапалы әрі талапқа сай жүзеге асырылуы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ сәулеттік шешімдер өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктерімен үйлесіп, Түркістанның заманауи келбетін қалыптастыруға үлес қосуы қажет екенін жеткізді. Инвесторлардың ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдап, жауапты басқармаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Кеңес қорытындысында ұсынылған жобалар бойынша айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, сәулеттік шешімдерді жетілдіру, жобаларды қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру және іске асыру жұмыстарын жеделдету жөнінде тиісті тапсырмалар жүктелді.
