«ДАРБАЗА – МАҚТААРАЛ» ТЕМІРЖОЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БИЫЛ БІТЕДІ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылғы қаңтар–маусым айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің орындалу барысы қаралды. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы қатысты.

Отырыста Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері мен өңір әкімдері баяндама жасады.

Кеңесте биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық нәтижелер сараланып, негізгі салалардағы даму қарқыны жан-жақты талданды. Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сәйкес, қаңтар–маусым айларының қорытындысында жалпы ішкі өнім 4,1 пайызға ұлғайды. Нақты сектордағы өсім 5,1 пайызды, қызмет көрсету саласы 3,5 пайызды құрады.

Экономиканың басым бағыттарында тұрақты оң үрдіс сақталды. Құрылыс көлемі 15,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, көлік қызметтері 7,1 пайызға артты. Сонымен бірге сауда саласы 5,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға және байланыс қызметтері 4,3 пайызға өсті.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бірінші жартыжылдықтағы инфляция деңгейі 10,3 пайыз болғанын мәлімдеп, баға тұрақтылығын сақтау бағытындағы Үкіметпен бірлескен жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді.

Мемлекеттік бюджеттің орындалуы жөнінде баяндаған қаржы вице-министрі Ержан Біржанов трансферттерді есепке алмағанда бюджет кірісі 8,5 триллион теңгені құрағанын айтты. Бюджет шығыстары 98,2 пайыз деңгейінде игерілген. Әлеуметтік міндеттемелерді орындауға басымдық беріліп, зейнетақылар мен жәрдемақылар төлеміне 3,6 триллион теңге, өңірлерді қолдауға 3 триллион теңге және нақты секторды дамытуға 1,3 триллион теңге бағытталған.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы әртараптандыру және тұрақты өсімді қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Олжас Бектенов: 

Жаңа Конституцияның қабылдануымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы қойған міндеттер аясында тұрақты экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу үдерісі жүріп жатыр. Экономиканы белсенді әртараптандыру, заманауи инвестициялық экожүйені қалыптастыру, инновациялық кластерлер мен өнімділігі жоғары индустрияларды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Үкіметтің қадамы экономика салаларында қолда бар әлеуетті барынша тиімді пайдалануға бағытталып отыр, – деді.

 

Премьер-министр тұрақты экономикалық өсімді сақтау мақсатында орталық мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бір ай ішінде металлургия саласын қолдаудың қосымша тетіктерін әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп барлық инвестициялық жобаларды зерделеп, түйткілді мәселелерді айқындап, оларды шешудің нақты жолдарын ұсыну міндеттелді. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу және әлеуметтік, инженерлік әрі денсаулық сақтау инфрақұрылымы нысандарының құрылысын ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.

Энергетика саласында мұнай мен газ өндірудің жоспарланған көлеміне қол жеткізу, көмірді терең өңдеу жобаларын кеңейту және жаңа инвестициялар тарту міндеттері белгіленді. Сонымен қатар Премьер-министр Түркістан облысында салынып жатқан бу-газ қондырғысын белгіленген мерзімде пайдалануға беру мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті. Бұл жобаның уақытылы аяқталуына Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы тікелей жауапты екені ескертілді.

Көлік саласында транзиттік әлеуетті арттыруға басымдық берілді. Осы жылдың соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі мен өзге де стратегиялық теміржол жобаларын аяқтау, теміржол вокзалдарын жаңғырту, автомобиль жолдарының сапасын қамтамасыз ету және көлік саласын цифрландыру бағытында нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар Smart Data Transport бірыңғай деректер платформасын қалыптастыру арқылы жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласында вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету, егін жинау науқанын сапалы ұйымдастыру және инвестициялық жобаларды мерзімінде іске асыру міндеті қойылды. Бұдан бөлек, мақта өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту, қант қызылшасын тасымалдауды субсидиялау және мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында асыл тұқымды мал басын көбейту жұмыстарын жеделдету тапсырылды.

Сауда саласын дамыту мәселесіне де айрықша назар аударылды. Үкімет басшысы әрбір өңір өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту және тауар айналымын арттыру бойынша нақты көрсеткіштерді айқындауы қажет екенін айтты. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне бір ай ішінде Сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жаңа өндірістер мен кәсіпкерлік орталықтарын дамыту қажеттігі атап өтілді.

Жиынды қорытындылаған Олжас Бектенов жоспарланған экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін орталық мемлекеттік органдар мен өңір әкімдерінің жеке жауапкершілігі жоғары екенін айтып, барлық қолда бар мүмкіндіктер мен ресурстарды барынша тиімді пайдалануды тапсырды.

Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша республикада көш бастап келеді. Биылғы 5 айдың қорытындысында қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, өңір республика бойынша 1-орынға шықты.