БЫЛТЫРҒЫ САЛЫҚТЫҢ СҰРАУЫ БИЫЛ ТУЫНДАДЫ: АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА БІРҚАТАР ОЛҚЫЛЫҚТЫҢ АҚИҚАТЫН АШТЫ
2025 жылы республикалық бюджетке 730 млрд теңге көлемінде салық түспеген – Жоғары аудиторлық палата
2025 жылғы салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит республикалық бюджетке түсуі тиіс салықтық түсімдердің жоспары толық орындалмағанын көрсетті. ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мәліметінше, бюджетке 730 млрд теңге немесе жоспарланған түсімнің 4,8%-ы түспеген. Бұған негізгі себептердің бірі – салық түсімдерінің 1,3 трлн теңгеге артық жоспарлануы.
Аудит қорытындысы соңғы төрт жылда қосымша есептелген салықтар бойынша дауланған істердің жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілгенін де анықтады. Бұған салық заңнамасының талаптарын бұзу және тексеру актілерін рәсімдеу кезінде жіберілген рәсімдік қателіктер себеп болған. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата салықтық тексерулердің сапасына бақылауды күшейтуді ұсынды.
Кедендік бақылау барысында да заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, тек электр көліктеріне арналған кедендік жеңілдіктердің гибридті автокөліктерге де заңсыз қолданылғаны белгілі болды. Соның салдарынан бюджетке кемінде 70 млн теңге түспеген.
Сонымен қатар сыртқы экономикалық қызметтің 34 қатысушысы импорт кезінде есепке жатқызу әдісі арқылы қосылған құн салығын (ҚҚС) заңсыз төлеген. Нәтижесінде импортқа салынатын ҚҚС бойынша бюджетке 670 млн теңгеден астам қаражат түспеген.
Аудиторлар кедендік рәсімдерді жеңілдету құқығына ие уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне бақылау жеткіліксіз екенін де атап өтті. Соның салдарынан қызметін тоқтатуға негіз болған кейбір компаниялар бұрын берілген жеңілдіктерді пайдалануды жалғастырған.
Бұдан бөлек, аяқ киім өнімдерін міндетті таңбалау жүйесінің салық түсімдерін арттырудағы мүмкіндігі әзірге толық пайдаланылмай отырғаны анықталды. Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитетіне мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің есебін жүргізу, мониторинг жасау және олардың сапасын бақылау жүйесін жетілдіру қажеттігі айтылды.
Жалпы аудит нәтижесінде 2,7 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылық, 33 рәсімдік бұзушылық және 11 жүйелі кемшілік анықталды. Анықталған мәселелер бойынша Жоғары аудиторлық палата тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар әзірлеп, оларды міндетті орындау үшін аудит объектілеріне жолдады. Олардың орындалуы бақылауда болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық төлеушілердің көбеюі, бюджет кірісінің артуына сеп болатынын айтқан. Сөйтіп ел ішінде көптеген кәсіпкерлік нысандары мен жұмыс орындарын ашуды тапсырған. Себебі салық тауар өндірушілер мен тұтынушылардан, жұмысшылардың міндетті төлемдерінің нәтижесінде түседі. Салық түсімдерінің азаюының астарында салық төлеушілердің кеміп жатқанын көрсетпей ме?
