ЖАРТЫ МИЛЛИОННАН АСТАМ ОҚУШЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙЫ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде 2026–2027 оқу жылына дайындық барысы жан-жақты қаралды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз етіп, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың мәліметінше, биыл өңірдегі 1106 мектепте 554 776 оқушы білім алып, 67 636 педагог қызмет атқарды. Пайдалануға берілген 29 «Келешек мектебінің» толымдылығы 95 пайызға жетіп, жаңа білім беру ұйымдарына 1 581 педагог пен 801 техникалық қызметкер жұмысқа қабылданған. Алдағы оқу жылында облыс мектептерінде 568 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 50 273 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Қазіргі уақытта 1-сыныпқа қабылдау жалғасуда, құжаттар OQU ұлттық білім беру платформасы арқылы қабылдануда.
Өңірде білім сапасын көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде. 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы білім сапасының көрсеткіші 60 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға артты. Ұлттық бірыңғай тестілеуде Түркістан облысының орташа көрсеткіші 62,4 балды құрап, республикалық орташа деңгейден жоғары болды.
Жаңа оқу жылына дайындық аясында оқулықтар сатып алуға облыстық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы 60 298 оқушыны мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қаржы қарастырылған.
Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Атап айтқанда, білім нысандарын жылу маусымына әзірлеу, көмір мен сұйық отын қорын жасақтау, сондай-ақ 110 білім беру мекемесін табиғи газға көшіру көзделген. Аталған жоба жүзеге асқан жағдайда жыл сайын шамамен 180 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеу жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын күшейтуді, жөндеу жұмыстарын аяқтауды, білім беру саласында жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды, мектептердің оқулықпен толық қамтылуын және әлеуметтік қолдау шараларының толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысын жүйелеу бағытында да нақты міндеттер жүктеді.
