ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН «ШӘМШІ ӘНДЕРІ» ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ КӨРЕРМЕНГЕ ЕРЕКШЕ РУХАНИ ӘСЕР СЫЙЛАДЫ

Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғасы, ән падишасы, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі жоғары деңгейде өтті.

Фестивальдің басты мақсаты – композитордың мол музыкалық мұрасын кеңінен дәріптеу, ұлттық өнерді насихаттау, жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін қолдау және Шәмші Қалдаяқов әндерінің мәңгілік көркемдік құндылығын кейінгі ұрпаққа таныту.

Мәдени іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер саласының қайраткерлері, өңір тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.

 

Фестиваль аясында Қазақстанның танымал эстрада жұлдыздары мен жас орындаушылар Шәмші Қалдаяқовтың халық сүйіп тыңдайтын әндерін орындады. Концерттік бағдарламада «Жігіттер» квартеті, «Melomen», «Сарын» және «Turan Boys» топтары, сондай-ақ Мөлдір Әуелбекова, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева, Досымжан Таңатаров, Әли Оқапов, Ғазизхан Шекербеков, Асқар Жүнісбеков, Қанай, Руслан Ақынбаев, Аяжан Нұрмаханбет, Маржан Ерланқызы, Данияр Барыс, Эльвира Мамытова және өзге де өнер иелері сахна төрінде өнер көрсетті.

Кеш барысында қазақ ән өнерінің алтын қорына енген Шәмші Қалдаяқовтың таңдаулы туындылары шырқалып, көрермен қауымға ерекше рухани әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Фестиваль композитордың шығармашылық мұрасын кеңінен ұлықтауға, ұлттық мәдениетті дамытуға және отандық эстрада өнеріндегі сабақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени жоба ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

 

«Шәмші әндері» өнер фестивалі түркістандықтар мен шаһар қонақтарына, өнерсүйер қауымға ерекше шабыт, рухани байлық және көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Көпшілік сүйікті әндерді өнерпаздармен бірге орындап, қазақ музыкасының дара тұлғасы Шәмші Қалдаяқовқа ерекше құрмет көрсетті.

 

Түркістан облысында мәдениет пен туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Облыс құрылған 2018 жылдан бері өңірде 35 мәдениет нысаны пайдалануға берілді. Түркістанда республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар, өнер кештері мен шығармашылық байқаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Соңғы сегіз жыл ішінде өңірге 2,5 миллион турист келді. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсімге жетті (2018 ж. – 186,2 мың турист, 2025 ж. – 500 мың турист) және 2,5 есе артты. Сонымен қатар тарихи-мәдени аумақтарға 10 миллионнан астам біркүндік келуші келген.