ТҮРКІСТАНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙДІ: ӘКІМДЕР ДЕ СЕНБІЛІККЕ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУДА
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының өңірде іске асырылу барысы жан-жақты талқыланды. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, аудан-қалалардағы көрсеткіштер мен шешімін күткен мәселелерге тоқталды.
Облыста қоғамдық орындардың тазалығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы бақылау шаралары күшейтілген. Соның нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша 4719 әкімшілік хаттама толтырылып, 135,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның 87,9 млн теңгесі өндірілді. Сонымен қатар Кодекстің 505-бабы бойынша 4 941 хаттама рәсімделіп, 31,5 млн теңге айыппұл салынып, оның 22 млн теңгесі өндірілген.
Бұдан бөлек, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қабылдау мақсатында жұмыс істейтін «Таза Қазақстан» Telegram чат-боты арқылы 1323 өтініш келіп түскен.
Қоғамдық тазалықты сақтау жұмыстарына ауылдық округ әкімдіктері де белсенді атсалысуда. Жыл басынан бері олардың тарапынан 2794 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 2 465-і ескерту түрінде рәсімделген. Сонымен қатар өңірде ұйымдастырылып жатқан сенбіліктерге аудан, қала әкімдері мен ауыл әкімдері де тұрақты қатысып, тазалық жұмыстарын тұрғындармен бірге жүргізіп келеді.
Жиында бей-берекет қоқыс орындарын жою мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Ғарыш Сапары» анықтаған 250 қоқыс орнының бүгінгі күнге дейін 33-і толық тазартылмаған. Осыған байланысты жауапты әкімдіктерге анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде толық жою міндеті жүктелді.
Маусым және шілде айларында жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыс аумағында 399 кемшілік анықталған. Оның 349-ы бей-берекет қоқыс орындарына, ал 50-і саябақтар, скверлер мен аллеялардың күтіміне қатысты болды. Берілген тапсырмалардың нәтижесінде анықталған кемшіліктердің барлығы толықтай жойылғаны баяндалды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуын күшейтуді, елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюды тапсырды. Сонымен қатар халықпен кері байланысты нығайтып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
