НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ: — МЕДИЦИНА ҚАРЖЫСЫ МАҚСАТТЫ ЖҰМСАЛУЫ ТИІС
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, оларды шешу жолдары және атқарылып жатқан жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жан-жақты қаралды.
Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев саладағы негізгі көрсеткіштерге тоқталып, вакцинация жұмыстарының барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірде екпе жұмыстары жоспарлы және эпидемиологиялық жағдайға байланысты жүргізілетін жедел иммундау бағыттары бойынша жүзеге асырылуда. Жоспарлы вакцинация 11 жұқпалы аурудың алдын алуға арналған. Атап айтқанда, туберкулезге, «А» және «В» вирусты гепатиттеріне, гемофильді инфекцияға, көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке, полиомиелитке және адам папилломасы вирусына қарсы екпе егіледі. Барлық вакцина тұрғындарға тіркелген емханаларда тегін жүргізіледі.
Облыста дағдарыс санатындағы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған тұрғындарды тегін медициналық көмекпен қамту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Медициналық көмектің қолжетімділігі жөнінде түсіндіру шаралары тұрақты бақылауда. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылған. Нәтижесінде маусым-шілде айларында мемлекеттік медициналық ұйымдарға 28 719 азамат, ал жекеменшік медициналық ұйымдарға 6 086 азамат көмек алу үшін жүгінген. Жалпы, жыл басынан бері өңір бойынша 58 244 азамат медициналық ұйымдардың қызметіне жүгінген.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров медицина саласына бөлінген қаржының талан-таражға түспей, мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді, сол арқылы тұрғындарға сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді, сондай-ақ саладағы кемшіліктерді жою бағытында нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
