ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ІС-ШАРАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірде жүзеге асырылып жатқан энзоотиялық іс-шаралардың орындалу барысы жан-жақты талқыланды. Жиында облыс әкімі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жануарлар арасында аурулардың алдын алу жұмыстарын күшейту, залалсыздандыру шараларын сапалы әрі уақытылы жүргізу, сондай-ақ қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарын жүйелеу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібековтің мәліметінше, биыл энзоотиялық іс-шараларды жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 553,7 млн теңге бөлініп, күзгі маусымға қажетті ветеринариялық препараттар аудан-қалаларға толық жеткізілген.
Энзоотиялық іс-шараларды орындауға 1538 ветеринария қызметкері тартылып, олардың барлығы арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Өңірдегі эпизоотиялық ахуал тұрақты бақылауда. Жоспарға сәйкес бүгінгі күнге дейін ірі қара малға 1 млн 89,3 мың доза, ал ұсақ малға 4 млн 866,9 мың доза аусылға қарсы вакцина егілді. Оның ішінде шекаралас аумақтардағы ауыл шаруашылығы жануарларына SAT-1 типіне қарсы 75 200 доза вакцина салынған.
Өңірде көктемгі залалсыздандыру науқаны толық аяқталып, күзгі кезеңдегі жұмыстар белгіленген мерзімнен бұрын басталған. Қазіргі уақытта ірі қара малды бүрку, ұсақ малды тоғыту және қора-жайларды залалсыздандыру шаралары жалғасып жатыр.
Мәжілісте қаңғыбас жануарлар мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарын күшейтуді, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
