ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАННЫҢ ӨҢІР БАСШЫЛАРЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Ақтау қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Ариповтың қатысуымен Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің бірінші отырысы өтті.

Екі мемлекет басшысы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің ортақ шешімі негізінде өңіраралық өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды тетік – Өңірлер басшылары кеңесі құрылды.

Жиында сөз сөйлеген Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияны іске асыру ел экономикасын одан әрі нығайтуға, инвестициялық әлеует пен тартымдылықты арттыруға, кәсіпкерлік үшін барынша қолайлы орта қалыптастыруға және халықаралық байланыстар аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін берік институционалдық негіз қалыптастырады.

Олжас Бектенов: 

Біз бауырлас Өзбекстанмен стратегиялық әріптестік пен одақтастық байланыстарды барлық бағыт бойынша одан әрі дамытуға айрықша мән береміз. Өңірлер басшылары кеңесінің құрылуы – мемлекеттеріміз арасындағы серпінді саяси диалогтың заңды жалғасы. Бұл өзара сенім мен тату көршілік қағидаттарына негізделген ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен толықтырып, оны кеңейтуге тың мүмкіндіктер береді.

 

Сонымен қатар мемлекеттеріміз арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі жандандыруда өңіраралық ынтымақтастықтың маңызы айрықша. Кеңес жұмысы екі елдің мемлекет басшылары айқындаған өзара сауда көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі мақсатқа қол жеткізуге елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді.

Өз кезегінде Абдулла Арипов кездесу өтетін орынның да айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Бүгінгі кездесуіміздің Каспий теңізінің інжу-маржаны әрі өңіріміздегі маңызды көлік-логистикалық орталықтардың бірі саналатын Ақтау қаласында өтуінің өзіндік мәні бар. Қазақстан – Өзбекстан үшін жай ғана жақын көрші ел емес, сенімді стратегиялық серіктес әрі одақтас мемлекет.

Өңіраралық әріптестік бүгінде екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың басым бағыттарының біріне айналып отыр. Осыған байланысты мемлекеттеріміздің құрметті президенттері Өңірлер басшылары кеңесін құру жөнінде шешім қабылдады. Аймақтар деңгейіндегі тікелей байланыстар өзбек-қазақ қатынастарын одан әрі нығайтуға қуатты серпін беретініне сенімдімін», – деді Абдулла Арипов.

Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстары Өзбекстанның құрамындағы Қарақалпақстан Республикасымен, сондай-ақ Жызақ, Науаи, Сырдария және Ташкент облыстарымен шектеседі. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы шамамен 2,3 мың шақырымды құрайды. Бұл фактор екі ел арасындағы өңіраралық байланыстарды одан әрі тереңдетуге және шекара маңы ынтымақтастығын кеңейтуге мол мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов өз сөзінде «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын толыққанды іске қосып, оның қызметін өзара тиімді, экономикалық тұрғыдан тиімді әрі бәсекеге қабілетті жобалармен мазмұндық тұрғыда толықтырудың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен бірге сауда және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Өзбекстанның Еуразия құрлығының дәл орталығында, стратегиялық маңызы жоғары негізгі көлік дәліздері түйісетін аумақта орналасуы екі елге де айтарлықтай мүмкіндіктер береді.

Осы тұрғыда Солтүстік – Оңтүстік бағыттарымен және Трансауған дәлізімен байланысатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының стратегиялық маңызы ерекше атап өтілді. Аталған бағыттың дамуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы транзиттік және логистикалық әлеуетті тиімді пайдалануға, сауда ағындарын арттыруға және өңірдің көлік байланысын нығайтуға жол ашады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тиеу және жөнелту көлемі 8 млн тоннаны құрады. Ал осы жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан Республикасының порттары арқылы контейнерлік тасымал көлемі 5%-ға өсіп, 50 мың ЖФЭ-ден асты. Бұл көрсеткіштер көлік-логистикалық саланың қарқынды дамып келе жатқанын және Қазақстанның өңірлік транзиттік әлеуетінің артып отырғанын көрсетеді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік ынтымақтастықты одан әрі өрістету мәселесіне де назар аударылды. Атап айтқанда, екі ел азаматтарының тарихи және мәдени маңызы зор орталықтарға саяхат жасауға деген қызығушылығы жыл санап артып келе жатқаны атап өтілді. Бұл бағыттағы өзара іс-қимылды күшейту халықтар арасындағы гуманитарлық байланыстарды тереңдетіп, туризм саласындағы жаңа бірлескен бастамаларға жол ашатыны айтылды.

Пленарлық отырыс барысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, сондай-ақ Жызақ облысының әкімі Улугбек Мустафоев, Сырдария облысының әкімі Эркинжон Турдимов және Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаев баяндама жасады.

Бұдан бөлек, маңызды жиынға Қазақстан мен Өзбекстанның 300-ден астам кәсіпкері қатысып, іскерлік байланыстарды нығайтуға және жаңа бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік алды. Кәсіпкерлік орта өкілдерінің басқосуы екі елдің өңірлері арасындағы экономикалық серіктестікті жандандыруға, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға және өзара тиімді іскерлік бастамаларды көбейтуге бағытталды.

Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері арасында бірқатар меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар жалпы құны 80 млрд теңгеден асатын коммерциялық құжаттар рәсімделді.

Жаңа келісімдер мен уағдаластықтар бауырлас екі ел арасындағы өзара байланыстарды одан әрі нығайтуға, әсіресе шекара маңы өңірлерінің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге, бірлескен инвестициялық және өндірістік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталған бастамалар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті кеңейтіп қана қоймай, тұтастай алғанда Орталық Азияның орнықты экономикалық дамуына, өңірдегі өзара тиімді ықпалдастықты күшейтуге және жаңа мүмкіндіктерді бірлесіп іске асыруға елеулі ықпал етуі тиіс.