ТАЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАНДАРҒА 237 МЛН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау және аумақтарды абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

2026 жылдың басынан бері қоғамдық орындарда белгіленген тәртіп талаптарын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 5 746 әкімшілік хаттама толтырылып, 170,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 114,3 млн теңгесі өндірілді.

Сонымен қатар 505-бап бойынша 7 978 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 45,2 млн теңге айыппұл салынды. Оның 31,6 млн теңгесі өндірілді. Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан 505-бап бойынша 3784 хаттама толтырылып, 21,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінде оның 11,9 млн теңгесі өндірілді. Оның ішінде 3 395-і ескерту болса, 389-ы – айыппұл хаттамасы.

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасы бір реттік акция емес, елді мекендердің тазалығы мен көркейтуін қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс болуы тиіс екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға санитарлық тазалықты күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ абаттандырылған аумақтардың тазалығын сақтауға, заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеуге және тазалық мәдениетін қалыптастыру бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.

Бүгінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар облыстың барлық аудан-қалаларында тұрақты түрде жүргізіліп, таза, жайлы әрі көрікті елді мекен қалыптастыруға бағытталуда.

«Таза Қазақстан» (@TazaQazBot) Telegram чат-боты арқылы 2 508 өтініш келіп түскен. Оның 2 445-сі орындалды, 63-і орындалу барысында.

Өңірде рейдтік және профилактикалық іс-шаралар да тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Жуырда мобильді топ Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарындағы саябақтарда, скверлерде және қоғамдық орындарда рейдтік жұмыстар жүргізді. Аралау барысында тазалық қағидаларын бұзудың 76 дерегі анықталып, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Бұдан бөлек, Шардара және Созақ аудандарында мониторинг жұмыстары жүргізіліп, жалпы 53 кемшілік анықталды. Анықталған кемшіліктерді толық жою үшін жауапты тұлғаларға тиісті мерзім берілді.

Сонымен қатар аппарат отырысында 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы да қаралды. Өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Жылу желілерін жөндеу бойынша жоспарланған 24,1 шақырымның 21,6 шақырымы, яғни 90%-ы орындалды.

Кентау қаласында жылу желілерін қайта жаңғырту және №5 ЖЭО-ның ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге 14,5 шақырым магистралдық жылу желілерін жаңғырту жұмыстары басталды.

Түркістан қаласының №1 және №2 мөлтек аудандарындағы 1,2 шақырым жылу желілерін қайта жаңғырту жобасы басталып, монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын.

Облыстық бюджеттік мекемелердің барлық нысандары бойынша көмір жеткізуге келісімшарттар жасалып, тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.

Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жоспарға сәйкес жалғасып, өңірдің санитарлық жағдайын жақсарту, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру шаралары тұрақты бақылауда болады.