САРЫАҒАШ ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Түркістан облысының Сарыағаш қаласында жаңғырту жұмыстарынан өткен теміржол вокзалы тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Елжас Отыншиев, облыстық мәслихат төрағасы Нұрлан Әбішов, теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Салтанатты жиында облыс әкімі «Сарыағаш» теміржол вокзалының өңір үшін маңыздылығына ерекше тоқталды.

Баршаңызды Сарыағаш ауданындағы заманауи талаптарға сай жаңғыртылған теміржол вокзалының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл маңызды жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көлік инфрақұрылымын жетілдіру және халыққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылды. Биыл облысымызда жалпы 5 теміржол вокзалының инфрақұрылымы жаңартылды. Бүгін сол жаңартылған нысандардың бірі – «Сарыағаш» теміржол вокзалының ашылуына куә болып отырмыз. Заманауи вокзал Сарыағаш ауданының көлік қатынасын жақсартуға, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға оң ықпал етеді деп сенемін! – деді.

Жаңарған вокзалда жолаушыларға арналған 30 орындық күту залы, билет кассасы, анықтама бюросы және асхана қарастырылған. Бұдан бөлек, ана мен балаға арналған бөлме, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта, медициналық пункт, оқшаулау бөлмесі және көліктегі полиция бөлімінің қызметтік кабинеті жабдықталған. Жолаушылардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз ету мақсатында перрон толық жаңартылып, вокзал аумағында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары атқарылды.

Вокзал 5 жұп пойызды қабылдайды және тәулігіне 500-ге жуық жолаушыға қызмет көрсету мүмкіндігіне ие. Реконструкцияға дейін вокзал ғимаратының алаңы 449,1 шаршы метрді құраса, қазіргі таңда нысанның жалпы аумағы 558,5 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.

«Сарыағаш» теміржол вокзалының тарихы өткен ғасырдың басынан бастау алады. Станция арқылы Өзбекстан Республикасына және көршілес бағыттарға қатынайтын жолаушылар пойыздары жүреді. Вокзалды реконструкциялау жұмыстары 2025 жылы басталып, 2026 жылғы тамызда толық аяқталды. Жобаның жалпы құны – 918 млн теңге. Тапсырыс беруші – «Қазақстан Темір Жолы» АҚ.

Салтанатты іс-шара соңында қонақтар жаңғыртылған вокзал ғимаратын аралап, нысанда жасалған жағдайлармен, оның инфрақұрылымымен және материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.

Түркістан облысында теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жоспарлы түрде, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биыл «Түлкібас», «Манкент», «Темір», «Арыс-2» және «Сарыағаш» вокзалдарының инфрақұрылымы жаңартылды. Аталған жұмыстар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін күшейтуге, сондай-ақ тұрғындар мен туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.