БАҒАНЫ ЖӨНСІЗ КӨТЕРУГЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕУДІ ТАЛАП ЕТТІ

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, ішкі нарықты қажетті өнім көлемімен қамтамасыз ету және жергілікті өндірісті ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде қаралып, жауапты басқарма басшылары атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров азық-түлік бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұрумен қатар, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету шараларын күшейтуді тапсырды.

Нұралхан Көшеров: 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізу керек. Бағаны жөнсіз көтеруге жол берілмеуге тиіс. Әлеуметтік дүкендердегі тауар сапасын да қадағалауға алыңыздар. Жұмысты ширатуды тапсырамын, – деді.

Қазіргі таңда облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 27 түрі өндіріледі. Оның 22 түрі бойынша өңірдің ішкі қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, қызанақпен қамтамасыз ету деңгейі қажеттіліктен 10 есе, бірінші сұрыпты бидай ұны 9,1 есе, қырыққабат 6,4 есе, қияр 5 есе, сүт 4,2 есе, пияз 3,3 есе жоғары.

Жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 20 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары сатып алынды. Айналым схемасы, форвардтық келісімшарттар және қоймадағы қорларды қоса есептегенде, жалпы 22 мың тонна азық-түлік қоры қалыптастырылған. Бұл қор облыс қажеттілігін 6 айға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жыл басынан бергі индексі 101,2 пайызды құрады. Өнімдердің басым бөлігі республикалық орташа бағадан төмен деңгейде сатылуда. Әлеуметтік дүкендерде негізгі азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орта есеппен 20-30 пайыз төмен ұсынылады. Қазіргі таңда Түркістан, Кентау және Арыс қалаларында 42 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді.

Тұрғындарды қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің де үлесі айрықша. Жыл басынан бері Түркістан қаласында 256 жәрмеңке ұйымдастырылып, онда 12,8 мың тонна өнім нарықтағы бағадан 20-30 пайыз төмен бағамен сатылды. Жалпы облыс бойынша 463 жәрмеңке өткізілді.

Сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және тұтынушыларды қолжетімді өніммен қамту мақсатында 70 ірі супермаркетпен және 10 тауар өндірушімен меморандум жасалды.

Бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында сауда орындарына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Жыл басынан бері сауда үстемесін негізсіз арттырудың 93 фактісі анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.

Өңірде ішкі нарықты жергілікті өніммен қамту үлесін арттыруға бағытталған жаңа инвестициялық жобалар да іске асырылуда. Түлкібас ауданында құны 53,7 млрд теңге болатын ірі құс фабрикасы кезең-кезеңімен іске қосылып, жылына 48 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Жоба толық қуатына шыққан кезде 1200-ден астам жұмыс орны ашылып, облыстың құс етіне деген ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Бұдан бөлек, Бәйдібек және Ордабасы аудандарында жалпы қуаты 30 млн дана жұмыртқа өндіретін екі құс фабрикасын іске қосу жоспарланған.

Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, жергілікті өндіріс көлемін арттыру және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстар облыс әкімінің тұрақты бақылауында тұр.