ҚҰНЫ 78 МИЛЛИОН АҚШ ДОЛЛАРЫН ҚҰРАЙТЫН МЕМОРАНДУМДАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Өңірлер басшылары кеңесінің алғашқы отырысы және «Қазақстан – Өзбекстан: бірлескен жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында бизнес-диалог өтті. Маңызды жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, сондай-ақ екі мемлекеттің орталық мемлекеттік органдарының, өңірлерінің және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Алдымен бизнес-форум ұйымдастырылып, оның қорытындысы Түркістан облысы үшін нақты нәтижелерімен ерекшеленді. Іс-шара аясында Түркістан облысы әкімдігі мен өзбекстандық серіктестер арасында жалпы құны 78 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер жаңа өндіріс орындарын іске қосуға, өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге және өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі өрістетуге мүмкіндік береді.
Өңірлер басшылары кеңесінің бірінші отырысында сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық байланыстар бүгінде екі ел мемлекет басшылары белгілеген стратегиялық бағыттың нақты нәтижелеріне ұласып отырғанын атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгінде Өзбекстан – Қазақстанның ірі әрі сенімді сыртқы сауда серіктестерінің бірі. Мемлекеттер басшылары алдымызға қойған міндеттердің бірі – 2030 жылға қарай өзара тауар айналымын 10 млрд АҚШ долларына жеткізу. Осы мақсатқа жету бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Соңғы екі жылда екіжақты сауда тұрақты өсім көрсетіп, 2025 жылдың қорытындысында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 5 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 116 пайыздық өсім. Оның ішінде экспорт көлемі 3,5 млрд АҚШ долларын құрады, – деді.
Нұралхан Көшеров аталған көрсеткіштердің қалыптасуына Түркістан облысының да айтарлықтай үлес қосып отырғанын жеткізді.
– Түркістан облысы екіжақты сауданың дамуына белсенді қатысуда. 2025 жылдың қорытындысында облыс пен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 511 млн АҚШ долларынан асты. Бұл – 109 пайыздық өсім. Біздің мақсат – сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, бірлескен өндірістердің санын көбейтіп, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды дамыту. Қазіргі таңда «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында жалпы құны 234 млн АҚШ долларын құрайтын алты инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар жаңа өндірістерді іске қосып, жүздеген жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Түркістан облысында өзбек капиталының қатысуымен жалпы құны 73 млн АҚШ долларын құрайтын тамшылатып суару жүйелерін өндіру, ет кластерін құру, балық шаруашылығын дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және металл өңдеу саласындағы жаңа жобалар іске асырылуда, – деді.
Өңір басшысы Түркістан облысының экономикалық даму бағытының шикізаттық модельден индустриялық модельге ауысу үдерісімен тікелей сабақтас екенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Түркістан облысы бүгінде шикізатты сыртқа шығаруға негізделген модельден оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіретін жаңа индустриялық экономикаға кезең-кезеңімен көшуде. Үкіметтің қолдауымен мақта-тоқыма, ет және жүгері кластерлері қалыптасып келеді. Бұл жобалар өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, жаңа өндірістердің дамуына негіз болады. Инвесторлар үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда дайын инженерлік инфрақұрылым қалыптастырылған. Мемлекеттік қолдау мен қажетті жеңілдіктер ұсынылады. Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде өткен жылы өңір экономикасына 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, оның жартысы шетелдік инвестициялардың үлесіне тиесілі болды, – деді.
Бизнес-форум аясында қол қойылған меморандумдар аталған инвестициялық саясаттың жүйелі жалғасы саналады. Атап айтқанда, құны 47 млн АҚШ долларын құрайтын жоба шеңберінде металл өңдеу зауыты бой көтереді. Кәсіпорында профлист, металл құбырлары, сэндвич-панельдер және жеңіл болаттан жасалған жұқа қабырғалы конструкциялар өндіріледі.
Сонымен қатар 2 млн АҚШ долларына күнбағыс майын өндіретін зауыт салу жөнінде келісім жасалды. Құны 5 млн АҚШ долларын құрайтын жоба аясында жүгеріні терең өңдеу нәтижесінде алынатын өнімдер экспортқа бағытталады. Бұдан бөлек, 12 млн АҚШ долларына ет өңдеу кешенінің өнімдерін халықаралық нарыққа шығару және тағы 12 млн АҚШ долларына тұқы (карп) өсіруге арналған заманауи балық шаруашылығы кешенін құру жөніндегі келісімдерге қол қойылды.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы өндірісінің нәтижелілігі су ресурстарын тиімді әрі ұтымды пайдаланумен тікелей байланысты екенін де атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Заманауи өндірістерді дамыту су ресурстарын тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізу – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бүгінде облыс бойынша бұл технологиялар 164 мың гектар алқапқа енгізілді. Оның ішінде 37 мың гектары биыл іске асырылды. Жыл соңына дейін тағы 13 мың гектарға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – деді.
Ақтау қаласында ұйымдастырылған бизнес-диалог Түркістан облысы үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өндірістік кооперацияны одан әрі нығайтуға тың серпін берді. Екі елдің Премьер-министрлері қатысқан маңызды жиынның қорытындысы бойынша жалпы құны 78 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге, экспорт көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған маңызды қадам болды.
