«СІЗДІ ТЫҢДАСАҚ, БӘРІНЕ БАСҚАЛАР КІНӘЛІ»: БЕКТЕНОВ ӘКІМГЕ ШҮЙЛІКТІ

Алматы облысында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жұмыстары бойынша мәселе туындады. Өңір жөндеу жұмыстарына берілген өтінімдер санының аздығына байланысты «қызыл аймаққа» енгізілген. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтен мұның себебін сұрады.

Бүгін Үкімет отырысында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту мәселесі талқыланды. Жиын барысында Алматы облысының көрсеткіштері көңіл көншітпейтіні белгілі болды.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің мәліметінше, өңірде жалпы құны 62,9 миллиард теңге болатын 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде құны 4 миллиард теңге болатын төрт жоба жергілікті әкімдік тарапынан қаржыландырылса, қалған жобалар «Алматинские электрические станции» АҚ құзыретінде.

 

Конкурстық рәсімдер 17 шілдеде басталған.

Қазір жылумен қамту саласындағы құны 2 миллиард теңге болатын екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Мердігерлермен келісімшарттар жасалған. Жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Алайда су және кәріз жүйесіне қатысты тағы екі жобаның іске асуында кедергі пайда болған.

Жалпы құны 2 миллиард теңге болатын екі жоба бойынша конкурс нәтижелері прокуратураның ұсынысынан кейін жойылып, қайта конкурс жарияланған. Осыған байланысты жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Қайта өткізілген конкурстың қорытындысы 25 тамызға дейін шығуы тиіс. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

 

Бірақ мәселенің тағы бір түйіні бар.

Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Қаржы министрлігі бұл екі жобаны қаржыландыруы уақытша тоқтатылатын басымдыққа ие емес жобалар тізіміне енгізген. Осыған байланысты облыс әкімі Премьер-министрден аталған жобаларды тізімнен шығаруды сұрады.

Осы тұста Премьер-министр әкімнің баяндамасына қатысты пікір білдіріп, күтпеген сауал қойды.

Олжас Бектенов: 

«- Баяндамадан көріп отырғанымдай, мұндай көрсеткіштер үшін сіздің жауапкершілігіңіз жоқ сияқты», – деді.

Алматы облысының «қызыл аймаққа» түсуіне нақты не себеп? Конкурстардың қайта өткізілуі мен қаржыландыру мәселесі коммуналдық жобалардың мерзіміне әсер ете ме? Енді өңірдегі 62,9 миллиард теңгелік жобалардың тағдыры қалай шешілетіні басты назарда.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Алатау қаласының (Alatau City) даму қарқынына көңілі толмайтынын білдіріп, жобаның стратегиялық маңызы зор екенін атап өткен еді. Сөйтіп Алматы облысының әкіміне қаланың магистралды инфрақұрылымын дамытуды жеделдетіп, отандық және шетелдік инвестицияларды тарту, бизнесті жобаға белсенді жұмылдыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын.