ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТАҒЫ ДА РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША КӨШ БАСТАДЫ

Түркістан облысы 2026 жылдың алғашқы алты айын әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижемен қорытындылады. Қаңтар-маусым айларының қорытындысына сәйкес, қысқа мерзімді экономикалық өсім 126,3 пайызды құрап, өңір республика бойынша 1-орынға көтерілді. Ал жалпы өңірлік өнім көлемі бірінші тоқсанда 1 трлн 129,9 млрд теңгеге жетіп, өсім 109,6 пайызды көрсетті.

Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында жан-жақты сараланды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан, қала әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары және жауапты мекеме жетекшілері қатысты. Жиын барысында облыс әкімі бірқатар индикаторларды толық орындай алмаған жауапты басшыларға сын-ескертпелер айтып, тиісті бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Нұралхан Көшеров: 

Қысқа мерзімді экономикалық өсім бойынша облысымыз бірінші орынға шықты. Бұл – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Бірақ кейбір аудан, қалалар өздеріне жүктелген индикаторды толық орындай алмады. Ауызша ескерту береміз, бірақ 9 айдың қорытындысымен сол кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімі өзі басқаратын аумақтағы табыс көздерін, қаржылық жағдайын, экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін жақсы білулері керек. Сонда ғана негізгі экономикалық көрсеткіштер ұлғаяды. Әкімдіктер мен жауапты басқарма басшылары тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өңірде ашылып жатқан зауыттар мен кәсіпорындарға жергілікті тұрғындарды тартуға назар аударсын. Жұмысты күшейтіңіздер. Жұмыспен қамту, туризм, білім саласындағы мәселелерді шешіп, жұмысты жандандырған жөн, – деді.

 

Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметова облыстың бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша баяндама жасап, сонымен қатар аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың қызмет тиімділігіне жүргізілген рейтинг нәтижелерін таныстырды. Биыл бағалау үшін 111 индикатор бекітілсе, оның 93-і бойынша бірінші жартыжылдықтың қорытындысы шығарылды.

Рейтинг нәтижесіне сәйкес, аудан және қала әкімдіктері арасында алғашқы үштікке Сауран, Түлкібас және Қазығұрт аудандары кірді. Ал Арыс қаласы, Отырар және Келес аудандары соңғы үштіктен орын алды. Облыстық басқармалар арасында ең жоғары нәтижені Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, Мәдениет басқармасы және Дене шынықтыру және спорт басқармасы көрсетті. Ал Туризм басқармасы, Білім басқармасы және Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы рейтингтің төменгі қатарынан көрінді.

Жиын соңында облыс әкімі рейтингте төмен көрсеткіш көрсеткен аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының есептерін тыңдап, әрбір индикатор бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуді, белгіленген жоспарлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді және жауапкершілікті арттыруды тапсырды. Сондай-ақ барлық сала басшылары мен әкімдерге экономикалық өсімнің оң қарқынын сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Айта кетейік, 6 айдың қорытындысы бойынша облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 873,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайызға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 423,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 150,8 пайызға жетті. Тау-кен өндірісінің көлемі 378,9 млрд теңгені құрап, 119 пайыздық өсім қамтамасыз етілді.

Ауыл шаруашылығы саласында 325,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайызды көрсетті. Сонымен қатар негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 894,6 млрд теңгеге жетіп, 144,4 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Оның 834,1 млрд теңгесі немесе 92,6 пайызы жеке инвестициялар есебінен қалыптасты.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 306,7 млрд теңгені құрап, өсім 125,5 пайызға жетті. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 474,9 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,3 пайыз болды.

Сауда көлемі 476 млрд теңгеге жетіп, өсім 121,4 пайызды құрады. Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 155,7 млрд теңгеге дейін ұлғайып, 114,8 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Байланыс саласында да оң динамика сақталып, көрсетілген қызметтер көлемі 109,6 пайызға артты.

Осылайша, Түркістан облысы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігі бойынша оң динамика қалыптастырып, қысқа мерзімді экономикалық өсім жөнінен республикада көш бастады. Алдағы кезеңде өңірдегі экономикалық өсім қарқынын одан әрі арттыру, инвестициялық белсенділікті сақтау, жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрғындарды жұмыспен қамту және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.