«АУЫЛ АМАНАТЫ»: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 30,2 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 4 223 ЖОБА ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ
Түркістан облысының Шардара ауданында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына арналған кеңес өтті. Басқосуға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Ұлттық экономика министрі Бауыржан Омарбеков, сондай-ақ өзге де министрліктердің жауапты өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары кеңес жұмысына бейнеконференция байланысы арқылы қатысып, тиісті баяндамаларын ұсынды.
Кеңес барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының республика көлемінде іске асырылу барысы, бюджет қаражатының игерілуі, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті өркендету, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірлерде жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігі жан-жақты қаралды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірде бағдарламаны іске асыру нәтижелері жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, 2023-2025 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген 30,2 млрд теңге қаражатының есебінен 4 223 жоба қаржыландырылған. Осы жобалардың нәтижесінде 4 635 жаңа жұмыс орны ашылып, 593 жылыжай бой көтерген. Сонымен бірге 76,8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы малы сатып алынып, 79 қайта өңдеу кәсіпорны өз жұмысын бастаған. Бұдан бөлек, 441 азамат атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шығарылып, іске асырылған жобалардың нәтижесінде облыста жыл сайын шамамен 80 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілуде.
Биыл аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қарастырылған. Оның алғашқы 7 млрд теңге көлеміндегі траншы толық игеріліп, 583 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 1 234 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бағдарлама аясында Отбасылық цифрлық картаның «D» және «E» санаттарына жататын азаматтарды қолдауға басымдық беріліп, жеңілдетілген несиелер, ең алдымен, осы санаттағы тұрғындарға бағытталуда.
Кеңес қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауыл экономикасын жаңғыртудағы маңызды тетік екенін атап өтті. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне бюджет қаражатының игерілу деңгейі төмен өңірлерден қаржыны бағдарламаны сапалы әрі нәтижелі жүзеге асырып отырған облыстарға қайта бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар облыс әкімдіктеріне 2025 және 2026 жылдары бөлінген қаражаттың толық әрі белгіленген мерзімде игерілуін қамтамасыз ету, жобаларды сапалы түрде және уақытылы іске асыру, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу міндеттелді.
Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру, қайта өңдеу саласындағы өндіріс көлемін ұлғайту және халықты тұрақты жұмыспен қамтуды күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.
