ШАРДАРА ҚАЛАСЫНЫҢ 30 МЫҢНАН АСТАМ ТҰРҒЫНЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Түркістан облысында тағы бір ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Шардара қаласында тұрғындар ұзақ уақыт күткен «Шардара» топтық су құбыры («Тама-Тастанбек») пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның іске қосылуына арналған іс-шара алдында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа Түркістан облысында халықты сапалы ауыз сумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар таныстырылды. Вице-премьерге өңірдегі ауыз су нысандарының құрылысы, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Бұдан кейін жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол шардаралықтарды көптен бері күтілген маңызды инфрақұрылымдық жобаның сәтті жүзеге асуымен құттықтады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те тұрғындардың қуанышына ортақтасып, Президент тапсырмасы мен Үкіметтің қолдауының арқасында жүзеге асқан бұл жобаның өңір үшін тарихи мәні зор екенін атап өтті. Жобаның іске қосылуының нәтижесінде Шардара қаласының тұрғындары санитариялық талаптарға толық сәйкес келетін сапалы ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етілді.
Жобаның негізі 2008–2009 жылдары Шардара-Байырқұм жерасты су кен орнында жүргізілген қосымша барлау жұмыстарының қорытындысы бойынша қаланды. Қазақстан Республикасы Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясының хаттамасына сәйкес жерасты су қоры 25 жыл мерзімге бекітілді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Тама-Тастанбек» учаскесіндегі жерасты суларының бактериологиялық, радиологиялық және химиялық көрсеткіштері санитариялық талаптарға толық сәйкес келетіні анықталды.
Жобаның жүзеге асуы нәтижесінде Шардара қаласындағы 30 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен толық қамтылды. Су құбырының жобалық өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары барысында жалпы ұзындығы 39,28 шақырым болатын, диаметрі 500 миллиметрлік екі магистральды полиэтилен су құбыры тартылды. Сонымен бірге көлемі 500 текше метр болатын екі және сыйымдылығы 5 мың текше метр болатын екі су резервуары салынды.
Жоба шеңберінде 14 су алу ұңғымасы бұрғыланды. Оның ішінде 12 ұңғыма жұмысшы, ал 2 ұңғыма резервтік мақсатта қарастырылған. Бұдан бөлек, екі қосалқы станция мен суды тазарту қондырғылары орнатылып, барлық инженерлік жүйелер толық іске қосылды.
Жаңа су құбырының пайдалануға берілу рәсіміне қатысқан шардаралықтар Мемлекет басшысына, Үкіметке және жобаның жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға өз ризашылықтарын білдірді.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табады.
