150 АДАМНЫҢ ӨТІНІШІ ТЫҢДАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, 150-ге жуық азаматтың өтініш-тілегін тыңдады. Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер жан-жақты қаралып, оларды шешуге бағытталған тиісті шешімдер қабылданды.

Халықпен тікелей жүздесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажы, талап-тілегі мен ұсыныс-пікірін өз аузынан тыңдау – қоғамдағы нақты ахуалды бағалаудың, азаматтарды алаңдатқан әлеуметтік мәселелерді анықтап, оларды тиімді шешудің маңызды тетігі. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі.

 

Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жауапты сала басшылары тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап беріп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

 

Ашық форматта өткен қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар негізінен тұрғын үймен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, жер қатынастары және инженерлік инфрақұрылым мәселелерін көтерді. Әрбір өтініш жеке тәртіппен қаралып, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес шешу жолдары сараланды. Бірқатар мәселе қабылдау барысында оң шешімін тапса, күрделі сипаттағы мәселелер жауапты мемлекеттік органдардың бақылауына алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жер қатынастарына байланысты қойылған сауалдарға жауап берген облыс әкімі заң талаптарының мүлтіксіз сақталатынын атап өтті. Оның айтуынша, инженерлік инфрақұрылымы жоқ жер телімдерін беру мүмкін емес. Сонымен қатар жер кезегінде тұрған азаматтардың құқықтары сақталатынын, кезектен тыс немесе заң талаптарына қайшы келетін шешімдер қабылдауға жол берілмейтінін жеткізді.

Қоғамдық қабылдау кезінде бірқатар тұрғын ауылдық округ әкімдерінің жұмысына қатысты сын-ескертпелерін білдіріп, жауапкершілікті күшейту қажеттігін көтерді. Облыс әкімі айтылған барлық уәждер мен өтініштер мұқият зерделеніп, заң аясында тиісті шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Тұрғын үй мәселесі де қоғамдық қабылдауда кеңінен қозғалған негізгі тақырыптардың бірі болды. Облыс әкімі тұрғын үй кезегінің қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілетінін, азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірілмейтінін және кезектілікті негізсіз өзгертуге жол берілмейтінін атап өтті.

Сонымен қатар облыс әкімі Түркістан облысының тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша республикадағы көшбасшы өңірлердің бірі екенін айтты. Өңірде жыл сайын шамамен 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспана құрылысының қарқыны тұрақты түрде артып келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындарды кезең-кезеңімен тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі қоғамдық қабылдау барысында көтерілген барлық мәселе қолданыстағы заңнама аясында қаралатынын айтып, жауапты сала басшыларына тұрғындарға жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесудің негізгі мақсаты – халықтың талап-тілегін тыңдап қана қоймай, азаматтарды алаңдатқан өзекті мәселелерді шешудің нақты тетіктерін іске асыру болды. Өңір басшысы әрбір тұрғынның мәселесіне мұқият назар аударып, жауапты орынбасарлар мен басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Түркістан облысында халықпен кері байланысты нығайту, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың өзекті мәселелерін жедел шешу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. Жыл басынан бері облыс әкімі мен оның орынбасарлары 1 мыңнан астам тұрғынды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын қарады. Бұл – Президенттің әділетті мемлекет құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және халыққа жақын мемлекеттік басқару қағидаттарының өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Нұралхан Көшеров: 

Халықтың сенімі – мемлекеттік қызметтің ең үлкен бағасы. Сондықтан әрбір азаматтың өтініші мен ұсынысы ерекше назарға лайық. Жеке қабылдау – тұрғындардың өзекті мәселелерін тікелей тыңдап, оларды шешу жолдарын бірге қарастыратын маңызды алаң. Ашық диалог өзара түсіністік пен сенімді нығайтады. Халықтың әрбір мәселесін тұрақты назарда ұстау – біздің басты міндетіміз. Әрбір өтініш пен ұсыныс жан-жақты зерделеніп, заң аясында нақты шешімін табуы тиіс. Азаматтардың мұң-мұқтажына дер кезінде ден қою – мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаты. Халықтың сенімін ақтау үшін нақты нәтиже мен тиімді жұмыс қажет. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық бастамалар бақылауда болады және кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Елге адал қызмет ету – үлкен жауапкершілік әрі абырой.

Тұрғындар тарапынан өңірдің дамуына серпін беретін бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Мұндай ашық пікір алмасу халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, ортақ мақсатқа жетудің тиімді тетігіне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде айқындап келеді. Осындай кездесулерде біз атқарылған жұмыстардың нәтижесін ғана емес, тұрғындардың жаңа ұсыныстары мен өзекті мәселелерін де тыңдап, оларды шешу жолдарын бірлесіп қарастырамыз. Өйткені халықтың сенімі мен аманаты – біздің басты жауапкершілігіміз, ал әрбір азаматтың пікірі өңірдің дамуы үшін маңызды, – деді.

Таңертең басталған қоғамдық қабылдау жалғасып жатыр.