25 МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН САЛЫНУДА
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта өңірде 25 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысына арналған алқа мәжілісінде айтылды.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев қатысып, саладағы атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралады. Басқосуда ана мен бала денсаулығын сақтау, онкологиялық және кардиологиялық көмекті жетілдіру, иммунопрофилактика, медициналық ұйымдардың қызмет тиімділігі, инфрақұрылымды жаңғырту және өзге де маңызды бағыттар кеңінен талқыланды.
Облыста перинаталдық көмек үш деңгей бойынша ұйымдастырылған. Бүгінде І деңгейдегі 12, ІІ деңгейдегі 7 және ІІІ деңгейдегі 3 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Босандыру ұйымдарының кадрлық қамтамасыз етілу деңгейі 95%-ды, ал медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы 83%-ды құрады.
Соңғы жылдары өңірде кесарь тілігі арқылы босану көрсеткіші төмендеп, ерте неонаталдық және перинаталдық өлім деңгейі тұрақты түрде азайып келеді. Сонымен қатар ана өлімінің көрсеткіші соңғы 12 жыл ішінде 59%-ға төмендеді.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында облысқа бөлінген квоталар толық игеріліп, нәтижесінде 988 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 87 егіз және 3 үшем бар.
Әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында №1 және №3 облыстық перинаталдық орталықтарына «Беделді перзентхана» республикалық мәртебесі берілді. Бұдан бөлек, «Ұрықты қорғау орталығы» мен «Салауатты ана» пансионаттары ашылып, «Stop Infection» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ал №3 облыстық перинаталдық орталықта енгізілген Ситуациялық орталықтың нәтижесінде негізгі индикаторлар 14%-ға жақсарды.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда. Осы уақытқа дейін 3 598 маман симуляциялық оқытудан өтті. Бұл мақсатқа 2025 жылы 342 млн теңге, ал 2026 жылы 175 млн теңгеден астам қаржы бағытталды.
Түркістан облысы құрылғаннан бері нәресте өлімі 22,36%-ға, балалар өлімі 6,49%-ға төмендеді. Сонымен қатар өңірдегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 19 ұйымда даму және ерте араласу орталықтары ашылып, 7 450 бала немесе 49,6%-ы консультациялық көмекпен қамтылды. Сондай-ақ Облыстық балалар ауруханасы мен Түркістан қалалық балалар ауруханасына «Беделді балалар ауруханасы» мәртебесі берілді.
Өңірдегі медициналық ұйымдардың заманауи медициналық техникамен қамтамасыз етілу деңгейі 84,85%-ға жетті. Қазіргі таңда мемлекеттік медициналық ұйымдарда 19 компьютерлік томография аппараты, эксперттік санаттағы 8 ультрадыбыстық зерттеу аппараты және 7 магниттік-резонанстық томография аппараты пайдаланылуда. Сонымен бірге босандыру және балаларға медициналық көмек көрсететін ұйымдардың қосымша құрал-жабдықтарға қажеттілігі айқындалып, осы мақсатқа 5,1 млрд теңге бөлу жөнінде ұсыныс енгізілді. Өткен жылы құны 180 млн теңге болатын нәрестелерге арналған 2 реанимобиль сатып алынды.
Қазіргі уақытта облыста 25 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 8 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және 5 дислокация нысаны бар. Бұл жобалар халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтіп, сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Алқа мәжілісін қорытындылаған Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов медициналық ұйымдар басшыларына вакцинациямен қамту деңгейін кемінде 95%-ға жеткізу, ана мен бала өлімін төмендету, онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмыстарын күшейту, кардиологиялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту, медициналық ұйымдардың санитариялық жағдайын жақсарту және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен халықты қамту деңгейін 90%-ға жеткізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
