ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ
Түркістан облысының аумағында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бағытында 20 кәсіпкер қызмет атқарады. Өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, полигондарды ретке келтіру және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселелері тұрақты бақылауда.
Қазіргі таңда Түркістан облысында жалпы саны 151 полигон орны белгіленген. Оның 28-і аудандық, 37-сі ауылдық округтерге тиесілі болса, 40 полигон сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша өңірдегі полигондардың басым бөлігі санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте қаралып, алдағы кезеңге арналған міндеттер мен өзекті мәселелер талқыланды.
Жиында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов өңір аумағындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыру полигондарының қазіргі жай-күйі және атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Оның айтуынша, тұрмыстық қатты қалдықтар орналастырылатын полигондарды оңтайландыру және қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, бір-біріне жақын орналасқан елді мекендердегі полигондарды біріктіру арқылы 51 полигонды оңтайландыру және жабу көзделген.
Осы бағытта 2024 жылы – 24, 2025 жылы – 18, ал биылғы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 4 полигон оңтайландырылды. Жыл соңына дейін тағы 5 полигонды жабу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар полигондарды санитарлық талаптарға сәйкестендіру бағытында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Мақтаарал, Жетісай, Ордабасы, Созақ, Түлкібас және Сайрам аудандарында осы бағыттағы шаралар жүзеге асырылған.
Бұл ретте Созақ ауданында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Ауданда жаңа 7 полигонның құрылысын жүргізуге 1,7 млрд теңге қаржы қаралып, нысандарды белгіленген талаптарға сәйкестендіру жұмыстары басталды.
2024 жылы Қаратау, Қарақұр және Жуантөбе полигондарының құрылысы аяқталды. Ал 2025 жылы Шу, Тасты, Шолаққорған және Сызған ауыл округтеріндегі полигондардың құрылысы басталды. Аталған нысандарды 2026 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.
Полигондарда өрттің алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмайды. Осы мақсатта барлық аудан және қала әкімдіктері тарапынан арнайы қадамдық іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Соған сәйкес, полигондарда өрт оқиғасы орын алған жағдайда бір сағат ішінде тиісті шара қабылдау үшін жауапты мамандар мен арнайы техникалар бекітілген.
Бұдан бөлек, бей-берекет қоқыс орындарын жою мақсатында «Ғарыш Сапары» АҚ жүргізген аэротүсірілімдер нәтижесінде 2025 жылы 249 заңсыз қоқыс орны анықталып, толық тазартылды. Биыл мамыр-маусым айларында 242 нүкте анықталса, шілде айында қосымша 8 нүкте тіркелген. Қазіргі таңда аталған аумақтарда толық тазалық жұмыстарын жүргізу жалғасуда.
Қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын кеңейту мәселесі де қатаң бақылауда. Бүгінде облыста қалдықтарды қолмен сұрыптау қызметін көрсететін 15, ал қайта өңдеу бағытында жұмыс істейтін 5 кәсіпкер бар.
Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі өрістету мақсатында облыс аумағы 6 аймаққа бөлініп, қалдықтарды қайта өңдеу ісімен айналысатын жеке кәсіпкерлерді тарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде әр аймаққа аудан және қала әкімдіктерінің ұсыныстары негізінде қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер бекітілді.
Кәсіпкерлерді қолдау және осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында төмендетілген пайызбен несие беру тетігі қолданылуда.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала аумақтарында орналасқан полигондарды ретке келтіруді, олардың күтіп-ұсталуының сапасын арттыруды және қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ұлғайтуды тапсырды.
Сонымен қатар тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласы тұрақты бақылауда болуы керектігін атап өткен өңір басшысы полигондарда өрттің алдын алу бойынша бекітілген іс-шаралардың орындалуын қатаң бақылауға алуды міндеттеді.
Бей-берекет қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу мақсатында тазалық жұмыстарын уақтылы ұйымдастырып, аудан және қала әкімдіктері тарапынан рейдтік шараларды күшейтуді тапсырды.
