ТҮЛКІБАСТА СУСЫН ӨНДІРІСІН КЕҢЕЙТУГЕ 8,4 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ САЛЫНАДЫ
Түлкібас ауданында ауыз су және алкогольсіз сусындар өндіретін «Beibars Bottlers» ЖШС зауытының екінші кезеңінің капсуласын салу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорынның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгін облысымыздың өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын маңызды жобаның жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту мен инвестиция тартуды экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы бағытта облысымызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нақты нәтижесінің бірі – «Beibars Bottlers» кәсіпорны. Зауыттың бірінші кезеңінде 2025 жылдың қазан айында қуаттылығы 120 мың тонна алкогольсіз сусын өндіретін зауыт іске қосылып, жобаға 9 млрд теңге инвестиция тартылды. 100-ден аса тұрақты жұмыс орны құрылды. Кәсіпорынның бюджетке қосқан үлесі де жоғары. Жыл қорытындысы бойынша бюджетке жалпы 450 миллион теңгеге жуық салық түседі деп күтілуде. Кәсіпорынның шығаратын өніміне деген сұраныс жоғары. Соның арқасында бүгін кәсіпорынның қуаттылығын ұлғайту үшін екінші кезеңінің іргетасын қалап отырмыз. Нәтижесінде, жылына жалпы 400 мың тонна алкогольсіз сусын өндіріліп, бюджетке жыл сайын жалпы 800 млн теңгеге жуық салық түседі деп күтілуде. Бұл – өңір экономикасы үшін маңызды көрсеткіштер. Облыс әкімдігі инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыра береді. Инвесторларға осы жобаны жүзеге асырып отырғаны үшін алғысымды білдіремін. Кәсіпорын ұжымына табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін! – деді.
Аталған бастама өңірдің өндірістік мүмкіндігін кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған ірі инвестициялық жобалардың бірі саналады. Кәсіпорынның І кезеңін жүзеге асыруға 9 млрд теңге инвестиция тартылып, нәтижесінде 100-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Қазіргі таңда зауыттың жылдық өндірістік қуаты 120 мың тоннаны құрайды.
Кәсіпорында темір және пластикалық құтыларға құйылатын «RC» маркалы сусындар шығарылады. Өндірілген өнімнің 51 пайызы Ресейге, 26 пайызы Қырғызстанға экспортталса, 23 пайызы ішкі нарықта өткізіледі.
Кәсіпорынның өндірістік жұмысын үздіксіз жүргізуіне қажетті инженерлік инфрақұрылым мемлекет тарапынан қамтамасыз етілген. Зауыттың пайдалануға берілуі ауданның экономикалық белсенділігін күшейтіп, жергілікті бюджет кірістерінің артуына да оң ықпалын тигізіп отыр.
Өндіріс көлемін одан әрі арттыру үшін жобаның ІІ кезеңін іске асыру жоспарланған. Бұл кезеңге 8,4 млрд теңге инвестиция бағытталмақ. Жоба толық өндірістік қуатына шыққан кезде кәсіпорында қосымша 90 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауытты келесі жылы іске қосып, жалпы өндірістік қуатын жылына 400 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Жобаның екінші кезеңін толыққанды әрі сапалы жүзеге асыру мақсатында қажетті инженерлік инфрақұрылымның қуатын ұлғайту мәселесі де кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түлкібас ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Жабағылы ауылдық округінде орналасқан «Қарқын Трейд» ЖШС құс фабрикасының құрылыс барысымен де танысты.
Түлкібас ауданында жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін фабрика салу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 53,7 млрд теңге. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба аясында 96 құс фермасын, инкубаторды, құрама жем зауытын, газ-электр станциясын, құс сою және қалдықтарды өңдеу цехтарын, сондай-ақ тоңазытқыш қоймаларын салу көзделген.
Жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Оны қаржыландыру мақсатында «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан 5 млрд теңге көлемінде несие бөлінді. Бүгінгі таңда 10 құс фермасының темір қаңқалары тұрғызылып, сэндвич-панельдермен қаптау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар құс сою бекетінің аумағында жерді тегістеу жұмыстары атқарылып жатыр.
Түркістан облысының әкімдігі инвестициялық жобаларды іске асырып жатқан кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсетіп, өндірістік нысандардың тұрақты жұмыс істеуіне қажетті инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырады.
