ТҮЛКІБАСТА ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ ӘҢГІМЕ ӨРБІДІ
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің облыстағы аудан, қала тұрғындарымен кездесулері жалғасуда. Кезекті жүздесу Түлкібас ауданының тұрғындарымен өтіп, облыс әкімі өңір жұртшылығымен ашық диалог құрып, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады.
Кездесу барысында облыс басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, өңірде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерді атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Түлкібас ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі көлемі 2026 жылдың 6 айында 50,2 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 34,6 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнім көлемі 14,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 10,8 пайызға артты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 8,4 млрд теңгені құрап, 13,4 есеге өсті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 18,5 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 3,4 пайызға артты. Бұл жетістіктер – ең алдымен, аудан тұрғындарының бірлігі мен ынтымағының, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылуының нақты нәтижесі. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен Түлкібас ауданы 2-ші орынға тұрақталды. Алдағы уақытта да осы оң қарқынды сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, жаңа жобаларды іске асыруға бірлесе еңбек етеміз деп сенемін. Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар өзекті мәселелер шешімін табуда. Біздің басты мақсатымыз – облыстың барлық аудан, қалаларының экономикалық өсімін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы облыс тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру. Баршаңызды осы жолда бірлесіп, аянбай еңбек етуге шақырамын. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы нәтижелі іске асырылуда. «Тазалық – жиналған жерде емес, сақталған жерде» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, күнделікті үйіміздің айналасын, көшелерімізді таза ұстауға және көгалдандыруға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Жаңа Конституциямыз заңды күшіне еніп, елімізде 23 тамыз күні Құрылтай сайлауы өтетін болады. Құрылтай сайлауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға, елдің тұрақты дамуы мен болашағына бағытталған жауапты қадам, – деді.
Түлкібас ауданында 2026 жылдың 6 айындағы сауда көлемі 8,2 млрд теңгені құрап, өсім 5 пайызға жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,2 пайызға артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 12,8 мың шаршы метрге жетіп, өсім 12,5 пайызды көрсетті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 22,7 млрд теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,2 пайызға ұлғайды. Өзіндік кірістер 4,9 млрд теңгеге жетіп, 17,8 пайызға артса, салықтық түсімдер 4,2 млрд теңгені құрап, 2,4 пайызға көбейді.
Сонымен бірге ауданда әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жүргізіліп, бірқатар нысандар ел игілігіне ұсынылуда. Бүгін Түлкібас кентінде орналасқан жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Өткен жылы Даубаба елді мекенінде 100 орындық мәдениет үйі халыққа қызмет көрсетуге кірісті. Майтөбе ауылындағы стадионға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, 100 орындық Бақыбек ауылдық клубы мен Ынтымақ ауылындағы 200 орындық мәдениет үйлерінің құрылысы қарқынды түрде атқарылуда. Аталған нысандарды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Одан бөлек, Қараағашты ауылындағы мектепке қосымша 150 орындық ғимарат салу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру көзделген. Жабағылы және Машат ауылдарындағы ауыз су жүйелері жаңғыртылып, қайта іске қосылды. Сонымен қатар 23 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жиында аудан әкімі Асқар Естібаев өңірдегі инвестициялық жобалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Оның мәліметінше, биыл ауданда жалпы құны 77,6 млрд теңгені құрайтын 32 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Аталған жобалар іске асқан жағдайда 1222 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Есепті кезеңнің қорытындысына сәйкес жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 113 жаңа жұмыс орны құрылды. Қалған 20 жобаны жыл соңына дейін іске асыру жоспарланып отыр.
Ашық диалог барысында аудан тұрғындарын алаңдатқан бірқатар өзекті мәселе ортаға салынды. Тұрғындар инфрақұрылымды жетілдіру, ауыл шаруашылығын дамыту, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты өз ұсыныстары мен өтініштерін білдірді. Облыс әкімі әр мәселені мұқият тыңдап, жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне тиісті тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей ықпал ететін мәселелерді шешуге айрықша басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Былтыр Түлкібас ауданында өткен кездесуде тұрғындар тарапынан жалпы 9 мәселе көтерілген болатын. Бүгінде олардың 6-ы толық орындалып, қалған мәселелер бойынша заңнама аясында тиісті түсіндірмелер берілді.
Кездесуден кейін Нұралхан Көшеров азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен шағымдарын қарады. Бірқатар мәселе сол жерде шешімін тапса, өзге де өтініштерді қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес шешу жөнінде жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді.
Түлкібас ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу барысы облыс әкімінің тұрақты бақылауында болады.
