ЖОЛАУШЫЛАРҒА ЖАЙЛЫ ВОКЗАЛҒА АЙНАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Үкімет еліміздегі көлік инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ теміржол вокзалдарын жаңарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізуде. Осы ауқымды жобалар аясында Түркістан облысындағы «Түлкібас» теміржол вокзалы толықтай жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Түлкібас ауданындағы Түлкібас кентінде орналасқан жаңа нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, вокзалдағы құрылыс жұмыстарының нәтижесімен және нысанның материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысты.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі тұрғындар мен қонақтарды жаңартылған вокзал ғимаратының ашылуымен құттықтап, жаңа нысанның аудан үшін маңыздылығына тоқталды.

Нұралхан Көшеров: 

Баршаңызды Түлкібас ауданы үшін тарихи маңызы зор – жаңартылған теміржол вокзалының ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл игілікті жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа қолайлы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылды. Өңірімізде биыл жалпы 5 теміржол вокзалдарының инфрақұрылымы жаңартылды. Тарихы терең Түлкібас вокзалы алғаш рет 1916 жылы салынған болатын. Араға ғасырдан астам уақыт салып, заман талабына сай бой көтерген жаңа вокзал тұрғындар мен қонақтарға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Осы игілікті іске атсалысқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа вокзал ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындар мен қонақтарға сапалы қызмет көрсететін, Түлкібастың жаңа келбетін айшықтайтын маңызды нысан болады деп сенемін, – деді.

Осыдан кейін лента қию рәсімі ұйымдастырылып, жаңғыртылған вокзал ғимараты ресми түрде ашылды. Облыс әкімі арнайы келген қонақтармен бірге вокзал ішін аралап, жолаушыларға ұсынылатын қызмет түрлерінің жұмысымен танысты.

Жаңа нысан қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жабдықталған және тәулігіне 186 жолаушыға сервистік қызмет көрсету мүмкіндігіне ие. Вокзал кешенінде жолаушыларға қажетті қызметтердің толық циклі қамтылған. Ғимаратта 90 орынға арналған кең әрі жайлы күту залы, билет кассасы, анықтама бюросы және асхана орналасқан. Сонымен қатар ана мен балаға арналған бөлме, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы бейімделген бөлме қарастырылған. Медициналық пункт, оқшаулау бөлмесі, көліктегі полиция бөлімінің қызметтік кабинеті және қажетті санитарлық-тұрмыстық жағдайлар да жасақталған.

Нысан заманауи лифтпен қамтамасыз етіліп, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың вокзал ғимаратына кедергісіз кіріп-шығуына және қозғалуына барлық жағдай жасалған. Бұдан бөлек, жолаушыларға арналған ұзындығы 540 метр болатын перрон жаңартылды. Вокзалдың айналасы абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Нысан аумағына бейнебақылау камералары мен дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер көпірі де жаңғыртудан өткізілді. Жобаны іске асыру нәтижесінде 10-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

Түлкібас теміржол вокзалы – өңірдегі жолаушылар тасымалы мен көлік-логистикалық жүйеде өзіндік маңызы бар нысандардың бірі. Теміржол бекеті елді мекен тұрғындарының күнделікті қатынасын қамтамасыз етумен қатар, ауданға келетін және ауданнан шығатын жолаушылар үшін көлік қолжетімділігін арттыруда стратегиялық мәнге ие.

Ғасырдан астам тарихы бар вокзалдың жаңғыртылуы Түлкібас ауданының инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға және ауданның заманауи келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.