АРДАГЕРЛЕРГЕ АРНАЛЫП ЖАҢАРТЫЛДЫ
Түлкібас ауданында жаңғыртудан өткен «Ардагерлер үйі» ғимараты ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысан аудан тұрғындарының өзара бас қосып, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуына бағытталған маңызды қоғамдық-мәдени орталыққа айналмақ.
Жаңартылған ғимараттың ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, аудан тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Өңір басшысы нысанды аралап көріп, ауыл ақсақалдарымен кездесіп, пікір алмасты.
Нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталып, 100 адамға арналған ғимарат заманауи талаптарға сәйкес қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мұнда тұрғындардың түрлі қоғамдық, мәдени және рухани іс-шараларды ұйымдастырып, өткізуіне барлық қажетті жағдай қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын «Батсу-Водоканал» ЖШС жүзеге асырды.
«Ардагерлер үйі» ең алдымен ауданның ардагерлер қауымын бір ортаға топтастырып, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, елдік мәселелерге үн қосуына және кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл нысан ұрпақтар сабақтастығын сақтап, аға буынның өмірлік тәжірибесін жастарға насихаттауға, ел тарихы мен салт-дәстүрін дәріптеуге бағытталған маңызды орталық болмақ.
