ӨЗІНДІК КІРІСТЕР МЕН ТҮСІМДЕР КӨЛЕМІ АРТТЫ
Биылғы жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысы бюджетінің шығыстары жөніндегі жоспар 888,9 млрд теңгені құраса, оның 886 млрд теңгесі игеріліп, жоспардың орындалу деңгейі 99,7%-ға жетті. Шығыс жоспарларының жүзеге асырылу көрсеткішіне сәйкес, 1 тамыздағы мәлімет бойынша өңір республика көлемінде 3-орынға (99,7%) орналасты.
Қаржы саласына қатысты өзекті мәселелер өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен биылғы 7 айдағы облыс бюджетінің атқарылу барысына арналған мәжілісте жан-жақты қаралды. Жиын барысында облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына, сондай-ақ аудан және қала әкімдеріне тиісті міндеттер жүктеп, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен кіріс бөлігін ұлғайту бағытында нақты тапсырмалар берді.
Нұралхан Көшеров:
– Бюджет арқылы қаржыландырылған жобалар, берілген несиелер мен субсидиялар экономиканың дамуына жұмыс істеуі қажет. Қаржыны уақтылы әрі сапалы игеруді, кірістер мен түсімдер көлемін ұлғайтуды тапсырамын. «Ауыл аманаты» және өзге де бағдарламалар арқылы бөлінген қаржы жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін беруі керек. Өңірде ашылған зауыттар мен кәсіпорындарға тұрғындарды тарту жұмыстарын күшейтіңіздер, – деді.
Мәжіліс барысында Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметованың баяндамасы тыңдалып, сонымен қатар қаржы саласына қатысты белгіленген индикаторларды орындамаған аудан және қала әкімдерінің есептері қаралды.
Бюджеттің негізгі бөлігін қалыптастыратын кірістерге тоқталсақ, 1 тамыздағы жағдай бойынша облыс көлеміндегі түсімдер жоспары 100,8%-ға орындалды. Нәтижесінде белгіленген жоспардан 7,2 млрд теңгеге артық түсім қамтамасыз етілді. Оның ішінде өзіндік кірістер бойынша жоспар 103,9%-ға орындалса, субвенциялар, бюджеттік кредиттер және республикалық бюджет қаражаты есебінен берілетін нысаналы трансферттер бойынша жоспар толық көлемде, яғни 100%-ға жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер бойынша бюджетке жоспардан тыс 37,5 млн теңге қаражат түсті.
Өзіндік кірістердің нақты көлемі 182,2 млрд теңгені құрап, белгіленген жоспар 6,8 млрд теңгеге артығымен орындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өзіндік кірістер түсімі 19,3 млрд теңгеге немесе 11,8%-ға ұлғайды.
