ГҮЛ ӨНДІРІСТІК КЕШЕНІ ТУРИСТІК МЕКЕНГЕ АЙНАЛАДЫ
Түркістан облысында озық технологияларға негізделген халықаралық гүл өнеркәсіптік паркін салу жобасы жүзеге асырылуда. Бастаманың басты мақсаты – гүл өнімдерін жыл он екі ай бойы өсіруді қамтамасыз ету, отандық гүл шаруашылығының мүмкіндіктерін кеңейту, Орталық Азия мемлекеттеріне экспорт көлемін арттыру және өңірдің инвестициялық әлеуетін нығайту.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров заманауи жылыжай кешенінің құрылыс алаңына барып, ірі жобаның іске асу барысымен танысты. Нысанның тиімді орналасуы гүл өнімдерін қысқа уақыт ішінде жеткізуге, экспорттық тасымал жүйесін жетілдіруге және өнімнің балғын күйін сақтауға жағдай жасайды. Кешенде гүл көшеттерін өсіру, қалаларды көгалдандыруға арналған сәндік өсімдіктер өндіру және кесілген гүлдерді өнеркәсіптік ауқымда өсіру бағыттары қамтылады.
Жылыжай кешенінің аумағында сәндік гүл көшеттері мен біржылдық өсімдіктерді өсіру, көпгүлді раушан гүлдері мен олардың сорттарын өндіру, сондай-ақ гүлдерге арналған технологиялық және көрме павильонын орналастыру жоспарланған. Өндірістік жоспарға сәйкес петуния, барқытгүл, катарантус, вербена және өзге де сәндік өсімдіктер өсіріледі. Бұдан бөлек, жоғары сапалы раушан гүлдерінің 14 сорты бойынша жыл бойы үздіксіз өндіріс ұйымдастыру көзделіп отыр.
Өндірілген өнімді өткізудің негізгі бағыттарының бірі – Орталық Азия елдерінің нарығы. Жылыжайда өсімдіктердің қалыпты дамуына қажетті микроклиматты автоматты түрде реттеу, тамшылатып суару, жылыту және салқындату жүйелерін қолдану қарастырылған.
Түркістан өңірінің жазы аптап ыстық әрі қуаң, ал көктем мезгілі желді болатынын ескере отырып, жобада жергілікті климаттық жағдайларға бейімделген инженерлік шешімдер әзірленген. Жазда желдеткіштер мен су арқылы салқындататын панельдерді пайдалану, қыста жылыту жүйесін іске қосу, сондай-ақ электр қуаты өшкен жағдайда резервтік жабдықтарды пайдалану жоспарланып отыр. Ғимараттардың тірек құрылымдары мен су ағызу жүйелері де өңірдегі жел жүктемелеріне сәйкес жобалануға тиіс.
Су қорын үнемді пайдалану үшін тамшылатып суару технологиясы енгізіледі. Сонымен қатар жылумен жабдықтау кезінде отын шығынын азайтуға бағытталған жүйе орнату көзделген. Гүл өнеркәсіптік паркі тек өндіріс орны ретінде ғана емес, көрме алаңдарын, ландшафтық дизайнды және туристік бағыттарды бір арнаға тоғыстыратын көпфункционалды кешен ретінде қалыптастырылмақ.
Жобаның ашық аумағында гүл алқаптарын, сәндік алма ағаштары мен сирень бақтарын, тақырыптық гүл композицияларын және ғарыш тақырыбында безендірілген кіреберіс алаңын жасау жоспарланған. Бұл кеңістіктер келушілерге арналған көрме алаңы мен фотозоналар қызметін атқарып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді.
Сондай-ақ гүлдерді алдын ала салқындату, сұрыптау, қаптау және сақтау мақсатында арнайы логистикалық нысандар салынады. Аталған инфрақұрылым өнім сапасын сақтауға, жеткізу уақытын оңтайландыруға және экспорттық тасымалдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кешен құрамында әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар, зертханалық бақылау аймағы, қызметкерлерді даярлау және оқыту орындары, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету нысандары қарастырылған.
Жобаның жүзеге асуы Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы өндірісінің бағыттарын әртараптандыруға, заманауи технологияларды енгізуге және гүл шаруашылығы саласында жергілікті өндірістік тәжірибе мен кәсіби құзыреттерді дамытуға жол ашады.
Бастаманың түпкі мақсаты – Түркістан облысында заманауи технологияларды қолданатын, тұрақты өндіріс пен экспортқа бағытталған, өндірістік және туристік қызметтерді өзара ұштастыратын халықаралық гүл өнеркәсіптік паркін қалыптастыру.
