МАҚТА МАЙЫН ӨНДІРЕТІН ЖАҢА ЗАУЫТ АШЫЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданында «Хамро ата» ЖШС-нің «TABIGI MAY» мақта майын өндіретін зауытының ашылу салтанатына қатысып, өңір тұрғындарын Республика күнімен құттықтады. Аймақ басшысы отандық өндірісті өркендету мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
«Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы мереке қарсаңында мақта майын өндіретін жаңа зауыттың ашылуына куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өнімді терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл зауыт – сол тапсырмалардың іс жүзінде жүзеге асуының айқын дәлелі. Түркістан облысы – еліміздегі мақта өсіретін стратегиялық өңір. Біздің басты мақсатымыз – шикізатты сыртқа шығарумен шектелмей, өз жерімізде терең өңдеп, қосымша құны жоғары дайын отандық өнім өндіру. Бүгінгі зауыт өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосады деп сенемін. Жаңа зауыттың жұмысына береке, өнімділік пен сәттілік тілеймін! Отандық өнімдеріміз ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, «Қазақстанда жасалған» брендімен шетелдік нарықтарда да биіктен көрінсін. Өңіріміз дамып, еңбегіміз жана берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді.
«Хамро ата» ЖШС-нің «TABIGI MAY» мақта майын өндіретін кәсіпорнының жобалық құны – 1,5 млрд теңге. Жоба аясында 36 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Жаңа өндіріс орнының пайдалануға берілуі Мақтаарал ауданында мақта шикізатын қайта өңдеу ауқымын кеңейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға жол ашады. Сондай-ақ жергілікті өндірістің дамуына серпін беріп, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және өңір экономикасының нығаюына ықпал етеді.
