РЕСПУБЛИКА КҮНІН ЖЕТІСТІКТЕРМЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Түркістанда Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты іс-шара өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, еңбек озаттары, түрлі сала жетекшілері, жастар мен тұрғындар қатысты.

Нұралхан Көшеров

– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – халқымыздың рухын көтеріп, бірлігін нығайтады! 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл — Тәуелсіздікке бастар тарихи қадам болды. Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда еліміз мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, әлем картасында дербес мемлекет ретінде орнықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Егемен ел болу оңай емес, бірақ елдікті сақтап қалу одан да қиын» деген болатын. Тәуелсіздік – тек тарихи жетістік емес, ол — ұрпаққа аманат етілген ұлы жауапкершілік. Оны сақтау мен нығайту – ортақ парызымыз. Мемлекет басшысы мен Ел Үкіметінің қолдауымен өңіріміз дамудың даңғыл жолына түсті. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы қабылданған заң өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Облысымыз жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша республикада көш бастап келеді. Экономиканың басты көрсеткіші жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 3 есе өсіп, 5,4 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2019 жылдан 3 есеге артып, 1,6 трлн теңгені құрады. Бүгінгі мерекеде кітап оқу мәдениетіне де ерекше тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтуде. «Кітап оқитын ұлт» идеясын қолдау мақсатында бүгін бірқатар азаматқа кітап сыйлауды жөн көрдік. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгі, бірлігіміз бекем болсын! – деді.

Салтанатты жиында ел мен өңірдің дамуына үлес қосқан, еңбегімен ерекшеленген азаматтарға мемлекеттік марапаттар табысталды. Еңбек адамдарына басымдық беріліп, бірқатар азаматқа кітап сыйланды.

Мерекелік бағдарламада отандық және шетелдік өнерпаздар, этноансамбльдер мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Шетелдік әншілердің қазақ тілінде ән орындауы көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Түркістан облысының экономикалық дамуында да оң нәтижелер бар. Өңірде 21 индустриялық аймақ құрылып, 60 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, тағы 45 жоба жүзеге асырылуда. «TURAN» арнайы экономикалық аймағында 210 инвестициялық жоба жоспарланған, оның 22-сі биыл іске қосылды. Сонымен қатар 29 шағын өндірістік парк құру жұмыстары жүргізілуде.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында облыс экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды. 2019 жылдан бері жалпы құны 1,1 трлн теңге болатын 330 жоба іске асырылып, 23 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Биыл тағы 67 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі соңғы жеті жылда екі есеге өсіп, 1,2 трлн теңгеге жетті. Биыл егіс алқабы 920,1 мың гектарды құрады. Су үнемдеу технологиялары 164 мың гектарға енгізіліп, жылына 280 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік беруде. Мақта шаруашылығын дамыту, өнімдерді терең өңдеу және экспортты арттыру бағытындағы жобалар жалғасуда.

Әлеуметтік салада облыс құрылғаннан бері 155 мектеп салынып, 214 медициналық нысан пайдалануға берілді. Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Оны 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Биыл өңірде 84 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.

Тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым және жол құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Соңғы 7 жылда пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 5 есеге өсіп, 6,3 млн шаршы метрге жетті. Ауызсу, табиғи газ және электрмен қамту жұмыстарымен қатар, жол сапасын жақсартуға көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94,8 пайызды құрайды.

Туризм саласында да өсім байқалады. 2026 жылдың алғашқы жартысында Түркістан өңіріне 217 мың турист келіп, бұл көрсеткіш өткен кезеңмен салыстырғанда 43,4 пайызға артты. Туристік инфрақұрылымды дамыту және жаңа нысандар салу жұмыстары жалғасуда.

Іс-шара соңында елдің өркендеуі экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, азаматтардың жауапкершілігімен, белсенділігімен және туған жерге жанашырлығымен де өлшенетіні атап өтілді. «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу ортақ міндет ретінде айқындалды.