406 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 108 ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын орындау жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын өңірде жүзеге асыру мәселелері Түркістан облысы әкімдігінде талқыланды.
Алқа мәжілісінде Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар баяндама жасап, Жолдауда айқындалған 12 басым бағыт бойынша өңірде атқарылатын жұмыстар мен жоспарланған жобаларды таныстырды.
Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту мен жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы шеңберінде 2027-2029 жылдары облыста жалпы құны 406 млрд теңгені құрайтын 108 ірі нысанды салу және қайта жаңғырту көзделген. Оның ішінде денсаулық сақтау саласында 131,6 млрд теңгеге 4 нысан, білім беру бағытында 48,2 млрд теңгеге 22 нысан, мәдениет саласында 6,9 млрд теңгеге 11 нысан және спорт саласында 22,3 млрд теңгеге 8 нысан бой көтермек. Сонымен қатар 152 млрд теңгеге 54 инженерлік инфрақұрылым жобасы және 36 млрд теңгеге 6 жол жобасы іріктелген.
Көлік-логистика саласының мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «Түркістан – Шәуілдір» автожолын қайта жаңарту, Сарыағаш пен Түркістан қалаларының айналма жолдарын салу жұмыстары жалғасын табады. Ал «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісі 27 қазанда техникалық режимде пайдалануға берілді. Бұл Сарыағаш станциясына түсетін жүктемені 40 пайызға дейін төмендетіп, жүк тасымалының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Энергетика бағытында Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт бу-газ қондырғы станциясы, Сауран ауданында 300 МВт күн электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ электр желілерін жаңарту жұмыстарына 113 млрд теңге қарастыру жоспарланған.
Өңірдің өнеркәсіптік қуатын нығайту үшін индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтағы инвестициялық бастамалар жүзеге асырылуда. Бүгінде облыста 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Онда жалпы құны 158,4 млрд теңгені құрайтын 105 инвестициялық жоба қолға алынған. Ал «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 863,8 млрд теңгеге бағаланған 37 жоба бар.
Агроөнеркәсіп кешенінде мақта-тоқыма өндірісін, жүгеріні терең өңдеу және ет кластерлерін өркендету жоспарланған. Мақта-тоқыма кластері аясында 212,6 млрд теңгеге 5 жоба іске асырылуда. Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдеуге қауқарлы зауыттың құрылысы аяқталған.
Инвестициялық саясат шеңберінде 2026-2029 жылдарға жалпы құны 3,2 трлн теңгені құрайтын 142 жобадан құралған инвестициялық пул жасақталған. Жобаларды жүзеге асыру арқылы 18 981 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Ал шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайызға артып, 1,8 трлн теңгеге жеткен. Осы көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орынға көтерілген.
Алқа отырысының екінші мәселесі бойынша Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметова баяндама жасап, аудан, қала әкімдіктері мен облыстық басқармалардың 2026 жылдың 9 айындағы жұмыс тиімділігіне жүргізілген рейтингтік бағалау нәтижелерін жариялады.
Оның мәліметінше, аудан-қалалар арасында 36,1 ұпай жинаған Сауран ауданы көш бастады. Екінші сатыға 30,9 ұпаймен Жетісай ауданы жайғасса, үшінші орынды 28,5 ұпаймен Сайрам ауданы иеленді. Ал облыстық басқармалар арасында үздік үштікке Дін істері басқармасы, Құрылыс басқармасы, Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы енді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров Жолдауда жүктелген міндеттерді сапалы орындау, инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске қосу, инфрақұрылымдық түйткілдерді шешу және мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелілігін арттыру маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар индикаторлық көрсеткіштері төмен аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының есептерін тыңдап, тиісті сын-ескертпелерін жеткізді. Жауапты тұлғаларға жұмысты күшейтіп, белгіленген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
