124 МЛН ТЕҢГЕГЕ АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ

Мемлекет басшысының шалғай елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Бұл бағыттағы жобалар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Төлеби ауданына жұмыс сапары аясында Леңгір қаласындағы «Достық-2» су ұңғымасының жай-күйін тексеріп, нысанда атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты.

Қала халқын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында «Достық-2» су ұңғымасын тазалау және жөндеу шаралары қолға алынған. Жобаны «STROY SYSTEM INC» ЖШС жүзеге асырып, жұмыстар 2025 жылдың желтоқсан айында толық аяқталған. Жобаның жалпы құны – 196,6 млн теңге.

Қазіргі таңда Леңгір қаласында 33 848 тұрғын бар. Оның ішінде 8 280 абонент ауыз сумен қамтылған. Қала бойынша тәуліктік су тұтыну көлемі 8 962 текше метрді құрайды. Ал су жүйесіне тәулігіне шамамен 12 мың текше метр су жеткізіледі.

Елді мекендегі магистральдық су құбырларының жалпы ұзындығы – 35,2 шақырым, ал ішкі су желілері 144 шақырымды құрайды. Қаладағы үш негізгі су резервуарының жобалық сыйымдылығы – жалпы 14 мың текше метр.

Жобаны іске асыру үшін 124 млн 611 мың теңгеге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Оның ішінде 32 млн 625 мың теңге аудандық бюджеттен, ал 91 млн 986 мың теңге облыстық бюджеттен бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.

Облыс әкімі тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар халыққа үздіксіз су жеткізу, саладағы жұмыстарды жоспарлы түрде жалғастыру және ауыз сумен қамту сапасын арттыру бағытында нақты тапсырмалар берді.