САҚШЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістанда «Сақшы» интерактивті ойыны мен әлеуметтік бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылып, үздіктерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Төрт аталым бойынша 12 жүлдегер анықталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек, бейнероликтерді түсіруге және дайындауға үлес қосқан 150 оқушы алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.

Маңызды басқосуға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Превенция және талдау әзірлемелері департаментінің басшысы Дәурен Райымқұлов, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Сабырғали Балғалиев, құқық қорғау органдары мен білім беру саласының мамандары, ұстаздар, ата-аналар және жастар қатысты.

Жиында облыс әкімі жас буынның бойында заңға құрмет, тәртіп пен жеке жауапкершілік құндылықтарын қалыптастырудың өзектілігін атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындады. Осы орайда заңға құрмет отбасыдан басталып, мектепте жалғасып, қоғамдағы күнделікті қарым-қатынаста көрініс табуы тиіс. Түркістан облысында аталған бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның жарқын үлгісі – Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Сақшы» инновациялық профилактикалық жобасы. Жоба аясында қаржылық қауіпсіздік, интернет-алаяқтықтан сақтану, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен қамтылған. Құрметті жастар! Бүгінгі таңда ерекше назар аударуды қажет ететін өзекті мәселенің бірі – жасөспірімдер мен жастар арасында буллинг фактілерінің алдын алу. Өмірде түрлі қиындықтар мен кедергілер кездеседі. Бірақ соларға мойымай, алға ұмтылу маңызды. Біз жастар арасында өзара сыйластықты, бір-біріне қолдау көрсету және құрметтеу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Білімге ұмтылмай, тәртіп бұзу мен бұзақылыққа бой алдыру – болашаққа балта шабумен тең. Мұндай жағымсыз әрекеттер ата-аналарыңның үмітін үзетін, олардың жүрегін жаралайтын іс. Сондықтан заң мен тәртіпті сақтап, ғылымға, өнерге, спортқа ұмтылыңыздар! Біздің басты мақсатымыз – заңды құрметтейтін, өз құқығы мен міндетін білетін, рухани бай, бәсекеге қабілетті және жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу. Бұл бағытта мемлекеттік және құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары, ата-аналар мен азаматтық қоғам өкілдері өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажет. «Сақшы» жобасы – осы мақсаттағы жұмыстың нәтижелі үлгісі. Бүгінгі байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін! – деді.

 

«Сақшы» жобасы Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Адал азамат» тұжырымдамасы шеңберінде әзірленіп, жүзеге асырылды. Бастаманы ұйымдастыруға Түркістан облысының әкімдігі мен Білім басқармасы қолдау білдірді.

Жобаның басты міндеті – жас ұрпақтың қаржылық қауіпсіздік жөніндегі сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге баулу және қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыру.

Интерактивті ойын кезінде қатысушылар күнделікті тұрмыста кездесуі мүмкін қаржылық қатерлерді саралап, алаяқтық әрекеттерді тану мен олардың алдын алу тәсілдерін меңгерді. Атап айтқанда, «Банк картаңды бере тұр, ақша аударғаның үшін сыйақы аласың» деген мазмұндағы күмәнді ұсыныстардың артында қандай заңсыз әрекеттер мен қауіптер жасырынуы мүмкін екені талқыланды. Оқушылар мен студенттер жеке мәліметтерді қорғау, банк карталарын құқыққа қайшы мақсатта пайдалануға жол бермеу, сондай-ақ күмәнді қаржылық операциялардан сақтану жөніндегі білімдерін толықтырды.

Байқаудың келесі бағыты әлеуметтік бейнероликтер әзірлеуге арналды. Қатысушылар қаржылық алаяқтықтың кең тараған түрлерін, оның салдарын және қорғану жолдарын өз бетінше зерттеп, сценарийлер жазып, шығармашылық жобаларын көпшілік назарына ұсынды.

Байқау қорытындысы бойынша «Алғашқы карта» аталымында Алимов Нұралы І орынға ие болса, Нұралы Кенесары ІІ орынды, Беркінбай Саян ІІІ орынды иеленді.

«Қаржылық мониторинг» аталымында Рүстемұлы Мұхамедқанапия І орынға лайық деп танылды. Тілеубек Мұхаммедяр ІІ орынды, Ахметбек Алихан ІІІ орынды еншіледі.

«Ақылды сақшы» санатында Ордабай Айша жеңімпаз атанып, Оразалы Перизат ІІ орынға, Нақыпбек Айсұлтан ІІІ орынға тұрақтады.

Ал «Жеңіл ақша» аталымында Мырзахожа Шұғыла І орынды иеленді. Балқыбеков Бекасыл ІІ орынға, Балтабай Жания ІІІ орынға ие болды.

Сонымен қатар жобаны ұйымдастыру мен өткізуге белсенді атсалысып, қолдау көрсеткен білім беру саласының 5 өкілі арнайы марапатқа ие болды.

Салтанатты жиын барысында мазмұнды сахналық қойылымдар көрсетіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Кеште облыстық және республикалық деңгейдегі өнерпаздар өнер көрсетіп, шараның көркін аша түсті.