КҮЗГІ КӨГАЛДАНДЫРУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында күз мезгіліндегі ағаш отырғызу жұмыстары қолға алынды. Осыған байланысты Түркістан қаласындағы әуежайға апаратын жолдың бойында ауқымды көшет егу акциясы өткізілді. Экологиялық бастамаға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қолдау білдіріп, өзі де ағаш отырғызу жұмыстарына қатысты.

Игі шараға облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» мекемесінің, Ветеринария басқармасының және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қызметкерлері де белсенді түрде атсалысты. Жалпы, сенбілікке 1000-ға жуық адам жұмылдырылды.

Көшет отырғызу барысында өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып, қала аумағын жасыл желекке бөлеу мақсатында 22,5 мың түп ағаш егілді. Атап айтқанда, 7500 түп тұт, 6250 түп жиде, 5000 түп өрік пен алша, 3750 түп қарағаш отырғызылды. Ал әуежай жолының бойына барлығы 87,5 мың түп ағаш егу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының республика аумағында 15 миллион көшет отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында 1,5 миллион түп ағаш көшетін егу межеленген.

Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі 807 елді мекенді көгалдандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бекітілген аймақтық жоспарға сәйкес елді мекендердің 90 пайызға жуығын жасыл желекпен қамту және облыс аумағында 4 миллионға жуық көшет отырғызу көзделген. Өткен жылы осы бағытта 1 007 123 түп әртүрлі ағаш көшеті егілді.

Биыл да аймақтағы көгалдандыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін облыс бойынша 1 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Оның 332,5 мыңы көктемгі кезеңде егілді. Ал күзгі маусымда 700 мыңға жуық түп көшет отырғызу жоспарланып отыр. Бүгінде аудан-қалаларға 195 мың түп көшет жеткізіліп, пайдалануға берілді.

Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, елді мекендердің көркін арттыруға, жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтуға және өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға оң ықпал етпек.