КЕДЕН БЕКЕТТЕРІНІҢ ТАЗАЛЫҒЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өткен аптада Түркістан облысында кең көлемді тазалық және көріктендіру жұмыстары ұйымдастырылды. Оған 27,3 мың адам қатысып, 242 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде елді мекендер мен қоршаған орта тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, 111 мың түп ағаш көшеті егілді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте мәлім болды.
Жиында облыс басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне тазалық шараларының қарқынын арттыруды, анықталған олқылықтарды дер кезінде түзетуді және экологиялық бастаманың жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Аппараттық кеңесте облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар жөнінде есеп берді. Оның мәліметінше, «Таза Қазақстан» Telegram чат-ботына 4 820 өтініш келіп түскен. Оның 4 572-сі бойынша тиісті шаралар қабылданып, қалған 248 өтініштің орындалуы бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтау үшін құқық бұзушылықтардың алдын алу және әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары да жүргізілуде. Полиция департаменті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы негізінде 7 085 хаттама рәсімдеп, 212,7 млн теңге айыппұл салған. Бұдан бөлек, осы бап бойынша 282 азаматқа қоғамдық жұмыстар түрінде әкімшілік жаза белгіленді. Ал 505-бап аясында 11 250 хаттама толтырылып, 61,7 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Ауылдық округ әкімдіктері де аталған бап бойынша 6 365 хаттама рәсімдеп, 26,4 млн теңге айыппұл салған.
2026 жылғы 13-14 қазан күндері облыс аумағында рұқсатсыз қоқыс төгілген орындарды анықтау мақсатында тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 102 заңсыз қоқыс алаңы тіркелді. Осыған орай аудан және қала әкімдіктеріне анықталған олқылықтарды толығымен жою жөнінде тапсырма беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға қойылды.
Сонымен қатар «Қазығұрт», «Жібек жолы» және «Қапланбек» кеден бекеттерінің айналасында санитарлық жағдайды жақсарту жұмыстары атқарылып, кезекшілік тәртібі енгізілді. «Жібек жолы» кеден бекетінің маңындағы жол бойы сауда орындарының иелеріне тазалық талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, биіктігі 2,5 метр, ұзындығы 1 000 метр болатын қоршау орнатылып, аумақ абаттандырылды. Кеден бекеттері аумағында санитарлық талаптарды сақтамау деректері бойынша барлығы 35 әкімшілік хаттама толтырылды.
Ал «Б. Қонысбаев» кеден бекетінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және жүк көліктерінің қозғалысын реттеу үшін 3 полиция қызметкері, Келес ауданы әкімдігі мен Мемлекеттік кірістер департаментінің 15 жауапты маманы тартылып, тұрақты кезекшілік ұйымдастырылған.
Сондай-ақ «Атамекен», «Целинный» және «Сырдария» бекеттері маңындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 74 шақырымында тазарту жұмыстары жүргізілді. Кеден бекеттері мен жол бойындағы санитарлық ахуалды қалыпты ұстау шаралары тұрақты бақылауда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға әрбір аудан мен қалада тазалық жұмыстарын тек белгілі бір науқан кезінде ғана емес, күнделікті әрі үздіксіз жүргізуді міндеттеді. Сонымен бірге заңсыз қоқыс орындарын толық жою, қоғамдық аумақтардың санитарлық жай-күйін жақсарту, ағаш егілген жерлерді күтіп-баптау және атқарылған шаралардың тиімділігін бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының өңірде жүзеге асырылуы облыс әкімінің тікелей бақылауында. Жиында жылыту маусымының барысы да қаралды.
Аппараттық мәжілісте 2026-2027 жылдардағы жылыту кезеңінің өту барысы да талқыланды. Қазіргі уақытта облыстағы барлық қазандықтар бекітілген температуралық кестеге сай қалыпты жұмыс істеп тұр. Тұтынушыларға жылу үздіксіз жеткізілуде.
Өңірдің жылыту маусымына қажетті көмір қоры 532,5 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда бюджеттік мекемелер қатты отынмен 100 пайыз, ал жеке тұрғындар 99 пайыз қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, өңірлік операторлардың көмір қоймаларында 55,1 мың тонна отын қоры жинақталған.
Жылыжай шаруашылықтарының 2026-2027 жылдардағы жылыту кезеңіне қажетті көмір көлемі 271,2 мың тонна деп есептелген. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сәйкес, бүгінге дейін 188,8 мың тонна көмір жеткізілген. Бұл жоспарланған қажеттіліктің 70 пайызын құрайды.
Жалпы, облыста жылыту маусымын іркіліссіз өткізу, көмір қорын жеткілікті деңгейде қалыптастыру және қатты отынды белгіленген мерзімде жеткізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
