59 ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНУШЫНЫҢ ІСІ СОТҚА ЖОЛДАНДЫ
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз игеру фактілерінің алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтау және мемлекетке келтірілген шығынды қайтару бағытындағы жұмыстар жандана түсті. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне бақылау шараларын күшейтуді міндеттеді.
Нұралхан Көшеров:
– Заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға қарсы күрес жөніндегі арнайы мобильді топтардың жұмысын жандандыру қажет. Цифрлық технологияны пайдаланып, нақты шараларды қабылдаңыздар. Екіншіден, әрбір карьердің жұмысын бастауға рұқсат беру барысындағы қоғамдық тыңдауға жауапты басқарма басшылары, әкім орынбасарлары да қатысып, елдің пікірін тыңдап, заңға сай шешім қабылдауы керек. Анықталған заңсыздық бойынша жолданған әкімшілік материалдарды уақтылы қарап, кінәлі тұлғаларды заң аясында жауапкершілікке тарту, мемлекетке келтірілген залалды толық өндіріп алу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырамын. Жауапты департаменттер мен құқық қорғау органдары, әкімдік өкілдері бірлесе жұмыс атқарып, заңсыздықтардың алдын алуға тиіс, – деді.
Басқосуда заңды негізде жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне де қойылатын талаптар сөз болды. Атап айтқанда, пайдалы қазбаларды тасымалдауға қатысты құжаттарды толық рәсімдеу, кен орындарына арнайы өлшеу таразыларын орнату және карьерден шығатын жүк көліктерін жуу тәртібін сақтау бойынша қадағалауды күшейту қажеттігі айтылды. Сонымен бірге геоақпараттық жүйелер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын енгізу, кен орындарынан шығатын жолдарға бейнебақылау камераларын қою мәселелері қаралды.
Жиында Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Қанат Шонбасов пен Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бауыржан Жанаев атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы кезеңнің басым міндеттерін баяндады.
Қазіргі уақытта облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын 243 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Олардың 74-і келісімшарт, ал 169-ы лицензия негізінде қызмет атқарады.
Жыл басынан бері өткізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 266 дерек тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі 234 жағдаймен салыстырғанда жоғары. Аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар 242 жүк көлігі мен 24 арнайы техника айыптұраққа орналастырылған.
Тіркелген 210 дерек бойынша келтірілген экономикалық шығын 16 млн 482 мың теңге көлемінде бағаланып, тиісті құжаттар Экология департаментіне және аудан, қала әкімдіктеріне жіберілген. Қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы 8 млн 131 мың теңге айыппұл белгіленіп, оның 4 млн 88 мың теңгеден астамы бюджетке өндірілген. Қалған 60 материалға қатысты әкімшілік шаралар қабылдау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Бұған қоса, жыл басынан бері жер қойнауын өз бетінше игеру бойынша төрт қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Мұндай фактілер Кентау қаласында, Қазығұрт, Сайрам және Түлкібас аудандарында тіркелген. Қазіргі таңда аталған оқиғалар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Рұқсатсыз қазба жұмыстарын болдырмау мақсатында облыстағы 22 «қызыл нүкте» тұрақты бақылауға алынған. Бұл аумақтарда жүйелі рейдтер өткізу нәтижесінде Сайрам, Отырар, Сарыағаш, Кентау, Сауран және Мақтаарал өңірлерінде бірқатар заң бұзушылықтар әшкереленді. Нәтижесінде 14,7 млн теңге айыппұл салынып, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тиісті нұсқамалар берілген.
Сонымен қатар маркшейдер мамандардың қатысуымен 111 нысанға зерделеу жүргізілген. Оның 99-ы жер қойнауын пайдаланушыларға тиесілі кен орындары болса, 12-сі заңсыз қазылған аумақтар. Тексеру қорытындысында 59 жер қойнауын пайдаланушының жұмысынан түрлі кемшіліктер анықталып, тиісті материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Соның негізінде төрт дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Мәжілісте заңсыз кен өндірумен күресумен қатар, ресми жұмыс істейтін карьерлердегі тәртіпті сақтау мәселесіне де назар аударылды. Бақылау барысында пайдалы қазбаларды тасымалдау кезінде жүк құжаттарының толық толтырылмауы, өлшеу таразыларының орнатылмауы, сондай-ақ жүк көліктерінің карьер аумағынан жуылмай шығуы секілді олқылықтар тіркелген.
Бұдан бөлек, белгіленген нормадан артық жүк артқан ауыр көліктердің облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасына кері әсер ететіні атап өтілді.
Осыған байланысты өңірде заңсыз жер қойнауын пайдаланудың жолын кесу, карьерлер қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды заң талаптарына сәйкес игеру бағытындағы бақылау жұмыстары одан әрі күшейтілмек. Мәселе облыс басшылығының тұрақты назарында болады.
