ТҮРКІСТАНДА ТҮРІКТЕР ЕУРОПАЛЫҚ ЖЫЛЫЖАЙ САЛАДЫ
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, қайта өңдеу және шетелдік нарықтарға шығару бағытында ауқымды инвестициялық бастама қолға алынды. Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінің индустриалды аймағында «MIR AGRO KZ» ЖШС заманауи жеміс-көкөніс сақтау қоймасы мен өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде.
Инвестициялық жобаның орындалу барысымен танысып, алдағы жоспарларды талқылау үшін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «MIR AGRO KZ» ЖШС құрылтайшысы Факуруллах Горкемогльумен жүздесті.
Кездесу барысында жобаны жүзеге асыру кезеңдері, құрылыс жұмыстарының қазіргі ахуалы және келешектегі міндеттер қаралды. Өңір басшысы инвесторларға құрылысты бекітілген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, озық технологияларды пайдалануды және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға ерекше мән беруді тапсырды. Сонымен бірге жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне инвесторға жан-жақты жәрдемдесіп, жобаның жүзеге асуын жүйелі түрде бақылауды жүктеді.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгінгі кездесу – жобаны іске асырудың алдағы қадамдарын талқылау үшін қолайлы мүмкіндік. Жобаны іске асыруға қажетті рәсімдерді аяқтап, оны нақты іске асыру кезеңін бастауға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Жобаның сәтті жүзеге асырылуы, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады деп сенеміз, – деді.
Жалпы құны 15,6 млрд теңге болатын жоба шеңберінде жылына 8 мың тонна өнім сақтауға қауқарлы жеміс-көкөніс қоймасы салынып, өнеркәсіптік жылыжай кешені бой көтереді. Жылыжайда жыл сайын 6600 тоннаға дейін құлпынай өсіру жоспарланған. Жобаның нәтижесінде 30 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны ашылады. Құрылысты 2026-2027 жылдары бірнеше кезеңмен жүзеге асыру көзделген.
Алғашқы кезеңде, 2026 жылы сыйымдылығы 8 мың тонналық заманауи қойманың құрылысы басталды. Нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Одан кейінгі кезеңде өнеркәсіптік жылыжай кешенін салу қарастырылған.
Жоба аясында жидек, жеміс-жидек және бақша дақылдарын сақтауға, сұрыптауға әрі қаптауға арналған заманауи агроөнеркәсіптік инфрақұрылым жасақталады. Бұған қоса, ішкі тұтыну нарығы мен экспортқа арналған сапалы өнім өндіру ісі жолға қойылып, жергілікті мамандарды заманауи агротехнологияларға үйретуге мүмкіндік ашылады.
«MIR AGRO KZ» ЖШС 2025 жылы Түркияның «Görkem Tarim» компаниясының бастамасымен құрылған. Бұл кәсіпорын Анталия провинциясында ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқаратын компаниялардың бірі саналады. Оның иелігінде 10 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатқан жеміс-жидек пен көкөніс сақтау қоймалары, өнімді сұрыптау және қаптау цехтары, пластикалық жәшік өндіретін кәсіпорын, сондай-ақ бау-бақша алқаптары мен жылыжайлар бар.
Ауқымды инвестициялық бастама өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін өркендетуге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және облыс экономикасына қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді.
