ГЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУ ҰСЫНЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Pallas Resources Ltd» компаниясының президенті әрі құрылтайшысы Даниэл Риклманмен жүздесті.

Кездесу барысында өңірдің жер қойнауын зерделеу, пайдалы қазбалар қорын барлау, геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу және инвестициялық байланыстарды нығайту мәселелері сөз болды.

«Pallas Resources» – Орталық Азия аумағында мыс пен алтын кен орындарын іздестіру және геологиялық барлау бағытында қызмет ететін британдық компания. Сонымен қатар компания халықаралық тау-кен өнеркәсібіндегі ірі инвесторлармен ынтымақтастық орнатқан.

Облыс әкімі өңірдің минералдық-шикізаттық әлеуетін ұтымды игеру, жаңа инвестиция көздерін тарту және екіжақты тиімді жобаларды іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Ал компания өкілі Түркістан облысындағы геологиялық барлау саласының әлеуетіне ерекше қызығушылық танытты.

Жиын соңында тараптар бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындап, өзара әріптестікті одан әрі жалғастыру жөнінде келісімге келді.