КОМПЬЮТЕРЛІК ТОМОГРАФИЯ АППАРАТЫМЕН ЖАБДЫҚТАЛДЫ

Шымкент қаласында жергілікті бюджет есебінен заманауи компьютерлік томография (КТ) аппараты сатып алынды. Жаңа жабдықтар қалалық балалар клиникалық ауруханасы мен Онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханаға берілді.

Компьютерлік томография ағзадағы түрлі патологиялық өзгерістерді жоғары дәлдікпен анықтауға арналған. Бұл аппараттардың көмегімен дәрігерлер науқастарға нақты әрі жылдам диагноз қойып, тиімді ем тағайындай алады.

 

Жаңа КТ аппараттары зерттеу нәтижелерін қысқа уақыт ішінде алуға мүмкіндік бар. Бұл дәрігерлердің клиникалық шешім қабылдауын жеделдетіп, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырады.

 

Мегаполистің медицина ұйымдарындағы ескі құрылғылар жаңартылып жатыр. Жоспарлы жұмыс тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырып, ауруларды ерте анықтауға және тиімді ем жүргізуге септігін тигізеді.

 

Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарда жалпы 26 компьютерлік томография (КТ) аппараты жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі шұғыл және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қабылдау орындарындарында орнатылған.