ТҮРКІСТАН МЕН ТАШКЕНТ ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕЗЕҢГЕ КӨШТІ
Мемлекет басшысының өңіраралық байланыстарды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы арасында бауырластық қарым-қатынасты дамытуға бағытталған маңызды меморандумға қол қойылды. Құжатқа Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаев қол қойып, екі өңір арасындағы әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашты.
Бұл келісім өңіраралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға, сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға негіз болады. Түркістан мен Ташкент облыстары – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, логистика және кәсіпкерлік бағыттары бойынша әлеуеті жоғары стратегиялық аймақтар. Сондықтан тараптар бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және екі өңір кәсіпорындары арасындағы өндірістік кооперацияны тереңдетуге басымдық берді.
Келісімдерді іске асыру шекаралас аумақтардың экономикалық белсенділігін арттырып қана қоймай, жаңа өндіріс орындарының ашылуына, қосымша жұмыс орындарының құрылуына, инвестиция көлемінің ұлғаюына және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық байланыстардың нығаюына ықпал етеді деп күтілуде.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров форумның маңызына тоқталып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Форумның маңызы зор. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес өңірлер арасындағы ынтымақтастық пен өзара байланыс жылдан жылға нығайып келеді. Бүгінгі форум аясында мемлекет тарапынан бес меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар бизнес өкілдері арасында алты меморандум жасалды. Бұл келісімдер алдағы уақытта өз нәтижесін беріп, өзара тиімді серіктестікті дамытуға үлкен серпін береді. «Біз бауырлас елміз, бірге дамуымыз керек», – деген Президент екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті. Қазақ пен өзбек – тарихы, тілі, мәдениеті мен дәстүрі жақын халықтар. Сондықтан біз үшін барлық саладағы байланыс маңызды: экономика, сауда, білім, мәдениет, туризм және жастар ынтымақтастығы, – деді.
«Шекарасыз ынтымақтастық» атты бизнес-форумға Түркістан және Ташкент облыстарынан 200-ге жуық кәсіпкер қатысты. Форум аясында Түркістан облысының Жетісай, Қазығұрт, Сауран және Сарыағаш аудандарының әкімдері Ташкент облысындағы аудандармен бауырластық туралы меморандумдарға қол қойып, өңіраралық байланысты одан әрі тереңдетуге уағдаласты.
Сонымен қатар облыс әкімі Нұралхан Көшеров Ташкент облысының кәсіпкерлерімен G2B форматындағы кездесулер өткізіп, инвесторлармен тікелей пікір алмасты. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, химия өндірісі және логистика салаларындағы жаңа инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Өзбекстандық бизнес өкілдері Түркістан облысының өндірістік әлеуетіне, ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктеріне және шекаралық сауда артықшылықтарына ерекше қызығушылық танытты.
Нәтижесінде жалпы құны 19,3 миллион АҚШ долларын құрайтын бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Атап айтқанда, «Қазкрахмал» ЖШС Өзбекстанның «Right to Win» компаниясымен 5 миллион доллар көлеміндегі келісімге келді. Меморандум аясында жүгеріні терең өңдеу арқылы өндірілетін крахмал және сірне өнімдерін Өзбекстан нарығына экспорттау жоспарланып отыр.
Ал «СПК Хамит» ЖШС Өзбекстанның «Bekbrend» компаниясымен 250 мың доллар көлеміндегі меморандумға қол қойды. Келісім бойынша компания Өзбекстаннан жыл сайын тауарлы балық пен балық шабақтарын жеткізіп алады.
Сондай-ақ «Мясные продукция Туркестан» ЖШС Өзбекстанның «Xolima Shuhratu» компаниясымен 1 миллион доллар көлеміндегі келісім жасасты. Жоба аясында Сауран ауданында сервистік мал сою бекеті мен ет өнімдерін қайта өңдейтін цехқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алынбақ.
Қазығұрт ауданы әкімдігі «Imperial Nova Chemical» компаниясымен өңірде 5 миллион долларлық инвестициялық жобаны жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойды. Инвесторлар аудан аумағында минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, «Imputus Nova Chemicals» компаниясы «СП ООО Zhongtian Chemical» компаниясымен 8 миллион доллар көлеміндегі жобаны іске асыру жөнінде келісімге келді. Жоба аясында Қазығұрт ауданында қазба байлықтарды өңдеуге арналған химиялық өнімдер шығаратын өндіріс орны бой көтермек.
Бұл форум Түркістан облысы үшін бірнеше маңызды мүмкіндік береді. Біріншіден, өңірге шетелдік инвестиция тарту көлемі артады. Екіншіден, жаңа кәсіпорындар ашылып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындары көбейеді. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жобалар экспорттық әлеуетті күшейтеді. Сонымен қатар өндіріс пен логистика саласының дамуы Түркістан облысын Орталық Азиядағы маңызды экономикалық және транзиттік хабтардың біріне айналдыруға ықпал етеді.
«Шекарасыз ынтымақтастық» бизнес-форумы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, өңіраралық экономикалық ықпалдастықты кеңейтуге және ортақ инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға арналған маңызды алаң ретінде танылды.
Халқының саны 3 миллионнан асатын Ташкент облысы – Өзбекстан Республикасының экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Елдің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан аймақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және логистика салаларында жетекші орынға ие. Өңірде металлургия, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, азық-түлік өндірісі және машина жасау бағыттары қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде Түркістан облысы үшін тәжірибе алмасуға, өндірістік байланыстарды күшейтуге және жаңа нарықтарға шығуға қосымша мүмкіндік береді.
