МЫҢНАН АСТАМ ШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМДІЛІКТІ АРТТЫРУҒА КӨШТІ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірде суғару маусымының атқарылуы және туындаған өзекті мәселелер бойынша мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшыларының есебін тыңдады. Жиында вегетациялық кезеңнің барысы, су ресурстарын тиімді пайдалану, шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері жан-жақты қаралды.
Облыстағы негізгі су көздерінің бірі саналатын Шардара су қоймасынан Шардара, Отырар және Арыс аудандарындағы 74,7 мың гектар егіс алқабы суғарылады. Бүгінгі күнге дейін су қоймасынан 448,3 млн текше метр су босатылған.
Ал, Мақтаарал мен Жетісай аудандарының шаруаларын сумен қамтамасыз ететін «Достық» магистральді каналы арқылы 484,5 млн текше метр су жіберілген. Сонымен қатар «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» су арналары арқылы Қазығұрт, Сарыағаш және Келес аудандарындағы 4251 шаруа қожалығына ағын су жеткізіліп отыр.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Досхан Лесов вегетациялық кезеңнің қалыпты деңгейде жүргізіліп жатқанын баяндады. Оның айтуынша, аудандарда су беру кезектілігі бойынша арнайы кестелер әзірленіп, су босату жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.
Өз кезегінде басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плалов су үнемдеу технологияларын енгізуге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шараларының нәтижесінде қазіргі таңда 1083 шаруа қожалығының алқабы жаңа технологиялар арқылы суғарылып жатқанын мәлімдеді. Сонымен бірге тағы 328 шаруа қожалығы қажетті құжаттарын рәсімдеп, арнайы жабдықтар орнататын кәсіпорындармен келісімшарт жасау жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде шаруалар арасында тамшылатып суғару жүйесіне деген сұраныс артып келеді.
Мамандардың айтуынша, су үнемдеу технологиялары ауыл шаруашылығындағы ең тиімді әдістердің бірі саналады. Әсіресе тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйелері суды дәл қажетті мөлшерде жеткізуге мүмкіндік беріп, оның ысырап болуын едәуір азайтады. Бұл технологиялар суды дәстүрлі суару тәсілдерімен салыстырғанда 30-50 пайызға дейін үнемдеуге, топырақтағы ылғалдың тұрақты сақталуына және өсімдіктердің өнімділігін арттыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар еңбек шығындарын азайтып, минералды тыңайтқыштарды сумен бірге дәл мөлшерде беруге мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибеде су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану арқылы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі айтарлықтай артқан. Су ресурстары тапшы саналатын Израиль мемлекеті тамшылатып суғару технологиясын алғаш болып өндірістік деңгейде дамытып, әрбір текше метр судан жоғары өнім алуға қол жеткізді. Испания, АҚШ, Аустралия, Қытай және Үндістан сияқты елдер де су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы егістік алқаптарының өнімділігін арттырып, су ресурстарын тиімді басқару тәжірибесін қалыптастырған. Мәселен, Израильде ауыл шаруашылығы алқаптарының басым бөлігі заманауи суару жүйелерімен қамтылған болса, АҚШ пен Аустралияда цифрлық бақылау жүйелері арқылы су көлемі нақты есептеліп, шығын азайтылған. Қытай мен Үндістанда мемлекеттік қолдау бағдарламаларының арқасында миллиондаған гектар алқап су үнемдеу технологияларына көшірілген.
Түркістан облысында да су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жалпы өңірде су үнемдеу технологияларын 164 мың гектар алқапқа енгізу жоспарланған. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы бұл көрсеткіш 114 мың гектарды құраған болатын. Бұл ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға, өнім көлемін арттыруға және су тапшылығы жағдайында егіс алқаптарын сенімді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мәжіліс барысында көтерілген мәселелерді саралаған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жауапты мамандармен бірге оларды шешу жолдарын талқылап, нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ тапсырмалардың орындалу мерзімі белгіленіп, бақылау күшейтілетіні айтылды.
Нұрбол Тұрашбеков:
– Су тұтыну шарттарының сақталуына бақылауды күшейтіңіздер. Кезегін күткен шаруаларға су мерзімінде жетуі керек. Қателікке жол бермеңіздер, – деп ескертті.
Өңірде қолға алынған бұл жұмыстар су ресурстарын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастырумен қатар, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен сапасын жақсартуға және климаттық өзгерістер жағдайында су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
