«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОРЫ 2 ЖЫЛЖЫМАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КЕШЕН ТАБЫС ЕТТІ

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры «Денсаулық жолы» жобасы шеңберінде Түркістан облысына 2 жылжымалы медициналық кешен ұсынды. Арнайы медициналық көліктердің таныстырылымы «Қазақстан халқына – 2026» V Ұлттық қайырымдылық конференциясы барысында ұйымдастырылды.

Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысып, өңір тұрғындары мен медицина қызметкерлерін айтулы оқиғамен құттықтады.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған қордың Түркістан өңіріне жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

Нұралхан Көшеров: 

– Бүгін Түркістан облысының денсаулық сақтау саласы үшін маңызды оқиғаға куә болып отырмыз. Өңірімізге екі су жаңа жылжымалы медициналық кешен табысталды. Енді тұрғындарымызға әрбір тексеру үшін облыс орталығына немесе ірі қалаларға барудың қажеті азаяды. Медицина халыққа жақындай түседі, ал сапалы диагностика қолжетімді болады. Ауруды ерте анықтау – ем нәтижесін жақсартып, адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі. Оларды сатып алуға көрсеткен қолдауы үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ерекше алғысымызды білдіреміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың денсаулығын қорғауға айрықша мән беріп келеді. Бүгінгі іс-шара – осы саясаттың нақты іске асуының бір көрінісі, – деді.

Салтанатты рәсім барысында медициналық ұйымдардың өкілдеріне заманауи жылжымалы кешендердің кілттері табысталды.

Жобаның жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайды. Бастаманың басты міндеті – шалғай елді мекендерде тұратын азаматтар үшін онкологиялық скринингтен және профилактикалық тексерулерден өту мүмкіндігін кеңейту.

Медициналық техникалардың диагностикалық әлеуеті жоғары. Алғашқы кешен заманауи компьютерлік томография (КТ) құрылғысымен толық жабдықталған. Екінші көлік маммографиялық аппаратпен және эксперттік санаттағы ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) жабдығымен қамтылған.

Жоғары технологиялық диагностикалық құралдар орнатылған жылжымалы кешендер ауылдық жерлердегі тұрғындарға облыс орталығына қатынамай-ақ, қажетті медициналық зерттеулерден өтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама өңірдегі профилактикалық медициналық көмектің тиімділігін арттырып, түрлі ауруларды бастапқы кезеңінде анықтау мүмкіндігін кеңейтеді.

Медициналық кешендерді табыстау рәсімінен кейін облыс әкімі мен «Қазақстан халқына» қорының басшылығы «Конгрес-холл» кешенінде өткен көрмені аралады. Экспозицияда қордың қолдауымен іске асырылған әлеуметтік және медициналық жобалар көпшілік назарына ұсынылды.

Түркістан облысында 2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 25 жоба жүзеге асырылды. Өңірдегі әлеуметтік бастамаларды іске асыруға 20 млрд 375 млн теңгеден астам қаржы бағытталған.