ҚЫТАЙДЫҢ ЖЕТЕКШІ КОМПАНИЯ БАСШЫСЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Қытай Халық Республикасының Нанкин қаласында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың жетекші өнеркәсіптік және тоқыма компаниялары – «Lihua Group» директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихай және халықаралық ірі тоқыма өндіруші «Huafang» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шэн Шоусянмен кездесті.
Кездесуде Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мақта-тоқыма кластерінің даму барысы, жаңа өндірістік жобалар, өңдеу өнеркәсібін дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру және химия саласындағы инвестициялық бастамалар талқыланды.
Өз сөзінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров қытайлық серіктестерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгін сіздермен кездесіп, ынтымақтастығымыздың жаңа бағыттарын талқылауға мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Lihua Group Түркістан облысы үшін өзін сенімді әрі стратегиялық серіктес ретінде дәлелдеді. Біз компанияның өңірімізде жүзеге асырып жатқан толық циклді мақта-тоқыма кластері жобасын жоғары бағалаймыз. Бұл жоба ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін біріктіріп, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға, өнімнің қосылған құнын арттыруға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді.
Жалпы құны 146,6 млрд теңгені құрайтын мақта-тоқыма кластері Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында, Арыс қаласы мен Отырар ауданында іске асырылуда. Жоба аясында мақта өсіруден бастап дайын тігін өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбек қалыптасады. Кластер құрамына мақта өңдеу зауыттары, тамшылатып суару жүйелері мен ПВХ құбырларын шығаратын кәсіпорындар, иіру, мата тоқу, бояу-әрлеу және тігін өндірістері кіреді. Толық қуатқа шыққанда 4150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Кездесуде жыл соңына дейін іске қосылатын жалпы құны 46,5 млрд теңге болатын алты өндірістік жобаның жүзеге асырылу барысы қаралды. Атап айтқанда, жылына 4 миллион дана үй тоқыма бұйымдарын шығаратын тігін фабрикасы, 47 миллион метр мата өндіретін тоқыма және бояу-әрлеу фабрикалары, екі мақта өңдеу зауыты мен мақта тұқымын өңдеу кәсіпорны пайдалануға беріледі.
Тараптар сондай-ақ Сауран ауданындағы «Оранғай» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылатын аммиак пен карбамид өндіретін интеграцияланған кешен құрылысы бойынша келісімге келді. Құны 70 млрд теңгені құрайтын жобаның өндірістік қуаты жылына 300 мың тонна аммиак пен карбамид өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 150 жаңа жұмыс орны ашылады.
Түркістан облысы еліміздегі ірі аграрлық өңірлердің бірі болғандықтан, жоғары сапалы азотты тыңайтқыштарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты аталған жоба өңірдің агроөнеркәсіптік кешені үшін стратегиялық маңызға ие. Облыс әкімі жаңа зауытты сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кездесуде «Huafang» компаниясының Түркістан облысында мата өндіру және бояу-әрлеу өндірістерін іске қосу мәселесі де талқыланды. Нұралхан Көшеров өңірде тоқыма өнеркәсібін дамытуға бағытталған жаңа бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
1976 жылы құрылған «Huafang» компаниясы Қытайдың тоқыма және бояу-әрлеу саласындағы жетекші өндірушілерінің бірі саналады. Компания жыл сайын шамамен 400 миллион метр мата, 20 миллион дана үй тоқыма бұйымдары мен 3,5 миллион дана дайын киім шығарып, өнімдерінің 80 пайызын әлемнің 50-ден астам еліне экспорттайды.
Кездесу қорытындысында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, инвестициялық жобаларды жедел іске асыруға және өңдеу өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан қазақстандық-қытайлық бірлескен жобалар өңірдің индустриялық дамуын жеделдетіп, жаңа технологияларды енгізуге, экспорттық әлеуетті арттыруға және мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
