ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ПУЛЫ ЖАСАҚТАЛДЫ
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытайдың жетекші экономикалық әрі өнеркәсіптік орталықтарының бірі – Түркістан облысына бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясының әкімшілік орталығы Ухань қаласында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Сапар барысында өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, нәтижесінде Түркістан облысында жүзеге асырылуы мүмкін жаңа инвестициялық жобалардың ауқымды пулы қалыптасты.
Сапар аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен ресми делегация мүшелері Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы әрі бас хатшысы Хуан Лисямен кездесті. Тараптар Қытайдың өнеркәсіп, құрылыс, көлік-логистика және инфрақұрылым салаларындағы жетекші инвесторларымен келіссөздер жүргізді. Мақсат Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасы шеңберінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ Түркістан облысына жаңа технологиялар мен инвестициялар тарту болды.
Келіссөздер барысында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, инфрақұрылым, құрылыс және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобалар жан-жақты талқыланды. Қытайлық компаниялар Түркістан облысында жүзеге асыруды жоспарлап отырған инвестициялық ұсыныстарын таныстырып, өңірдің өндірістік және логистикалық әлеуетіне жоғары баға берді.
Жұмыс сапары кезінде делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының базасында ұйымдастырылған арнайы жұмыс кездесуіне және дөңгелек үстел отырысына қатысты. Іс-шараға құрылыс, инженерлік және инфрақұрылым салаларында халықаралық тәжірибесі бар Қытайдың жетекші компаниялары қатысты. Олар жол құрылысы, теміржол инфрақұрылымы, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, инженерлік жүйелер, көпір құрылысы және көлік инфрақұрылымын дамыту бағыттарындағы жобаларын таныстырды.
Кездесу барысында инвесторлар Түркістан облысында болат конструкциялар өндірісін ұйымдастыру жөніндегі инвестициялық жобаны ұсынды. Компания көпір тіректерін қорғауға арналған болат құбырлар, микротоннель жүйелері, дренаждық құрылымдар, күрделі металл конструкциялар, өнеркәсіптік ғимараттарға арналған элементтер және модульдік тұрғын үйлер өндірумен айналысады. Компания өкілдері өңірде өндірістік алаң құру мүмкіндігін қарастыруға және жергілікті серіктестермен жұмыс істеуге қызығушылық танытты. Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылған.
Түркістан облысы мен Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығы арасындағы серіктестік 2024 жылдан бері жүйелі түрде дамып келеді. Осы уақыт аралығында қауымдастық өңірге шетелдік инвесторларды тарту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытындағы тиімді алаңға айналды.
Қазіргі таңда Ухань қаласында Түркістан облысының өкілдігі жұмыс істейді. Сонымен қатар Түркістан қаласында Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының өкілдігі ашылған. Бұл өз кезегінде екіжақты экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдетуге жол ашуда.
Кездесулер барысында қытайлық инвесторларға Түркістан облысының негізгі экономикалық артықшылықтары кеңінен таныстырылды. Атап айтқанда, өңірдің тиімді географиялық орналасуы, халықаралық көлік дәліздеріне жақындығы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, сондай-ақ инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары мен жеңілдіктер жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Қытайлық кәсіпкерлер Түркістан облысының экономикалық әлеуетін жоғары бағалап, өндіріс, құрылыс материалдары өндірісі, көлік-логистика, агроөнеркәсіптік кешен және туризм салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді. Сондай-ақ, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, нақты жобаларды бірлесіп пысықтау және өзара тиімді әріптестікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруға келісті.
Түркістан облысы Қазақстандағы инвестиция тарту қарқыны жоғары өңірлердің бірі болып саналады. Қытайдың Хубэй провинциясында өткен келіссөздер нәтижесінде қалыптасқан жаңа инвестициялық жобалар пулы алдағы жылдары өңір экономикасының өсуіне, жаңа өндірістердің іске қосылуына, қосымша жұмыс орындарының ашылуына және экспорттық әлеуеттің артуына елеулі үлес қосады деген сенім мол.
