ҚОРШАҒАН ОРТАНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ ҰЛТ САУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Қазығұртта Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы шеңберінде кең көлемді жалпыаудандық сенбілік өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау ісін күшейту, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру және тазалық мәдениетін қоғамда орнықтыру.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес тазалық жұмыстары ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде бір мезгілде жүргізілді. Ауқымды шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының мамандары, жастар ұйымдарының мүшелері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар белсенді түрде қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов сенбілік барысында бірқатар аумақтарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Ол тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтіп, мұндай игі бастамалардың тұрақты негізде жалғасуы маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар аудан тұрғындарын туған өлкенің тазалығына жанашырлықпен қарап, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны сақтау бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысуға шақырды.
Сенбілік аясында аудан аумағындағы көшелер, саябақтар, әлеуметтік нысандардың айналасы және арық-атыз жүйелері тазартылды. Қураған ағаштар мен бұталар кесіліп, аумақтарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, елді мекендердің келбетін жақсартуға бағытталған абаттандыру және көркейту шаралары жүзеге асырылып, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды.
Тазалық науқаны кезінде жиналған тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы коммуналдық техникалардың көмегімен шығарылып, белгіленген полигондарға жеткізілді.
Президенттің «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған мұндай экологиялық іс-шаралар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етуде. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, ауданның тазалығын сақтау мен қоршаған ортаны қорғауға арналған бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла береді.
