«ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІ АШЫЛДЫ
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекаралық байланысты нығайту бағытында маңызды қадам жасалды. Түркістан облысындағы «Жібек жолы» және Ташкент облысындағы «Гишт-Көпір» өткізу пункттері кешенді жаңғыртудан кейін ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту және 2027 жылдың соңына дейін барлық автомобиль өткізу бекеттерін толық жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Джамшид Кучкаров, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Ташкент облысының хокимі Зойир Мирзаев, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов және екі мемлекеттің ресми өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев пен Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Джамшид Кучкаров құттықтау сөз сөйлеп, жаңартылған шекара инфрақұрылымының екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетуге, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды өркендетуге ықпал ететінін атап өтті.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде жаңғыртылған бекеттің тарихи маңызына, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынастарға және өңірдің транзиттік әлеуетін арттырудағы орнына ерекше тоқталды.
Нұралхан Көшеров:
– Бүгін біз Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын «Жібек жолы» – «Гишт-Көпір» шекара өткізу пункттерінің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. 2025 жылы басталған ауқымды жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Бұл – тек жаңартылған нысанды іске қосу ғана емес, екі ел арасындағы тату көршілік пен бауырластық қатынастарды нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Сонымен бірге сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді.
Қазақстан мен Өзбекстан – тарихы мен тамыры ортақ, бауырлас халықтар. Бізді ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен терең мәдени байланыстар біріктіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонұлы Мирзиёевтің саяси қолдауының арқасында екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Өзара сенім артып, ынтымақтастығымыз кеңейіп келеді.
Екі ел 2030 жылға дейін өзара сауда көлемін 10 млрд АҚШ долларына жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл міндетті жүзеге асыруда шекаралық өткізу бекеттерінің маңызы зор. Себебі сауда мен достықтың бастауы – жол.
Бүгінде өткізу пункті жаңа сапалық деңгейге шықты. Көлік қозғалысына арналған жолақтар саны төрттен алтыға дейін көбейіп, өткізу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Жаяу жүргіншілерді өткізу қуаты тәулігіне 4 есеге, яғни 17 мыңнан 70 мың адамға дейін өсті. Жеңіл автокөліктерді өткізу көлемі 5 есеге – 400-ден 2 мыңға дейін, ал автобустарды өткізу мүмкіндігі 10 есеге – 20-дан 200-ге дейін ұлғайды.
Нысанда заманауи цифрлық бақылау және қауіпсіздік технологиялары енгізілді. Бұл азаматтардың шекарадан тез әрі жайлы өтуіне жағдай жасайды. Жаңарған өткізу пункті екі елдің достығы мен экономикалық байланыстарын одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін. Шекарамыз берік, ынтымағымыз мәңгі болсын! – деді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қаржы министрлігі шекара маңындағы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартып келеді. Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен шектесетін аумақтарда 10 автомобиль өткізу пункті жөнделіп, қайта пайдалануға берілді.
Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша шекарадан өткен автокөліктер саны 23 пайызға артып, 1,7 миллионға жетті. Елімізде кедендік төлемдер мен салықтардан түскен кіріс 4,3 триллион теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,5 пайызға көбейді.
Жобаның басты нәтижелерінің бірі – жолаушыларға қызмет көрсету әлеуетінің кеңеюі. 2024 жылы «Жібек жолы» өткізу пункті арқылы 11 миллионнан астам адам өткен. Бекет жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылған кезеңде жолаушылар өзге бағыттарды пайдалануға мәжбүр болып, көршілес өткізу пункттеріне түсетін салмақ артқан болатын. Нысанның қайта ашылуы екі мемлекет арасындағы негізгі қатынас бағытын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Жаңғырту жұмыстары кезінде бұрынғы ескі инфрақұрылымның орнына жалпы аумағы 10 мың шаршы метрге жуық екі жолаушылар терминалы бой көтерді. Оның біреуі Қазақстанға кіретін азаматтарды қабылдаса, екіншісі елден шығатын жолаушыларға қызмет көрсетеді.
Автокөліктерді тексеруге арналған 6 мың шаршы метрлік ортақ қалқа салынды. Кіреберіс жолдардағы қозғалыс жолақтары екіден алтыға дейін көбейтіліп, жолаушылар мен көлік ағындары бір-бірінен ажыратылды.
Қарбалас кезеңдерде жаңартылған нысан тәулігіне 100 мыңға дейін адамды қабылдай алады. Терминалдар паспорттық тексеруге арналған 82 кабинамен және 20 автоматтандырылған Q-gate бақылау жүйесімен жабдықталған.
Кедендік бақылау үшін рентген құрылғылары, жолаушыларды сканерлеу жабдықтары, радиациялық бақылау құралдары, сондай-ақ автобустар мен жеңіл автокөліктерді тексеретін инспекциялық-тексеру кешендері орнатылды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиевтің айтуынша, басты міндет – кедендік бақылаудың қауіпсіздігі мен сенімділігін жоғары деңгейде қамтамасыз ете отырып, азаматтардың шекарадан өту уақытын қысқарту және қызмет көрсету сапасын жақсарту.
Жаңартылған өткізу пункті туризм саласының дамуына да тың мүмкіндіктер береді. Мұнда жеке тұлғаларға, жеңіл автокөліктерге және жолаушылар автобустарына қызмет көрсетуге қажетті барлық жағдай жасалған. Бұл туристік бағыттарды көбейтуге, автобус турларын ұйымдастыруға, халықаралық жолаушылар тасымалын және Қазақстан арқылы өтетін транзиттік маршруттарды дамытуға жол ашады.
Рәсім барысында екі елдің делегациялары Қазақстан мен Өзбекстан аумағындағы жаңғыртылған өткізу пункттерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар шекара аумағында ағаш отырғызу шарасы өткізілді.
Мерекелік бағдарлама аясында Қазақстан мен Өзбекстан өнерпаздарының қатысуымен халықаралық концерт ұйымдастырылды. Мәдени шара бауырлас халықтардың ортақ рухани құндылықтарын паш етіп, екі мемлекет арасындағы достық пен өзара түсіністіктің нығайғанын айқындады.
