ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Түркістан қаласының әкімі сектор тұрғындарымен кездесуді бастады. 2 жылдан бері тынымсыз тірлік жалғасып келеді. Нұрбол Тұрашбеков тұрғындармен жиі кездесіп, көтерілген мәселенің бәрін шетінен шешу үшін жоспарға енгізіп, күн сайын орындалуын бақылайтын іскер әкім.

Кезекті кездесулердің алғашқы легі “Отырар” және «Шауғар секторында өтті. Мемлекеттік бағдарламамен салынатын тұрғын үйлердің сапасы мемлекеттік тапсырыс басталғалы сыннан көз ашқан емес. Бүгін әкіммен кездесуге келгендердің көпшілігі Жаңа қала аумағындағы көпқабатты үйлер мен ойын алаңшаларының сапасына шағымданды. Ол үйлердің алды 5 жыл бұрын бой көтерген.

Нұрбол Тұрашбековтың Түркістан қаласына тағайындалғанына 2 жылдың жүзі енді болады. Соған қарамастан әкім бастамасымен осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды. Яғни, арнайы штаб құрылып, жұмысшы топтар жасақталды. Нәтижесінде 89 көпқабатты үй зерделеніп, 37 ақаулық акті түзілді. Әкімдік тарапынан 13 мердігерге хат жолданып, кемшіліктер түзетілген. Ал, 4 мердігер мекемеге соттың шешімімен айыппұл салынса, 7 мердігер мекеменің сот шешіміне сәйкес есеп шоттары бұғатталған.

Нұрбол Тұрашбеков:

Барлық жұмыстың өз заңдылығы бар. Осы ретте баспана сапасына қатысты “әкімдік қалай қабылдаған” деген сұрақтар туындап жатады. Құрылыс сапасын техникалық қадағалаушы, авторлық бақылаушы
мекемелер тексеріп, қорытынды береді. Сол қорытынды негізінде құрылыс нысандары қабылданады. Қазіргі таңда қолданыстағы заңға сәйкес мердігер мекемелер кепілдік мерзіміне сәйкес ақаулықтарды
түзету жұмыстарын жүргізуде. Кепілдік мерзімі 5 жыл.
Біз үшін тұрғындардың жайлылығы маңызды. Олқылықтарға жол бермеу үшін мен құрылыс барысында азаматтық бақылауды күшейтуді
тапсырған болатынмын. Қазіргі таңда қала аумағында белсенді азаматтардың қатысуымен қадағалау жұмыстары күшейтілді. Нысандарды қабылдау алдында біз Сіздердің пікірлеріңізді тыңдаймыз, — деді.

Жалпы кездесуден кейін әкім тұрғындармен жеке қабылдау да өткізді.

Қабылдау барысында тұрғын үй кезегі, жұмыспен қамту, үйіргелік жер кезегі, әлеуметтік көмек, денсаулық сақтау мәселелері көтерілді. Кей сұрақтар бойынша тұрғындарға заң талаптары түсіндірілді.

Қабылдауға кірген 13 азаматтың өтініштері бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Келесі кезекте әрбір сұрақ-өтініш бойынша заң шеңберінде жұмыстар жүргізілетін болады.

Жыл басынан бері 95 азамат әкімнің  жеке қабылдауында болып, нәтижесінде 112 мәселе назарға алынған. Оның 109-ы орындалып, 3 тапсырма орындалу үстінде.