АПТА САЙЫН ЖАҢАША ЖОСПАР

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өзі жетекшілік ететін сала басшыларына жұмыс аптасының міндеттерін белгілеп берді.
Ауыл шаруашылық басқармасына аудан-қала әкімдіктерімен бірлесе отырып, субсидия бағыттарындағы өзгерістер, жаңа технология енгізудегі артықшылықтар бойынша шаруалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Өткен жылдың қорытындысымен облыста 62 кооператив құрылған. Оның 37-і қаржыландырылып, нәтижесінде 23 кооператив қызмет көрсету үшін техникалар сатып алды, 14 кооператив қайта өңдеу цехтарын іске қосты. Нәтижесінде 148 азамат тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. «Ауыл аманаты» жобасын кооперацияға бағдарлау ісі биыл да жалғасын таппақ.
Ал, су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру бойынша І-кезеңге 14 жоба ұсынылып, 166 шақырым су арнасын бетонмен қаптау көзделуде. Жоба толық іске асқан жағдайда іргелес жатқан 53,3 мың гектар жерге ағын су жеткізу жақсармақ. «Тұран су» және «Қазсушар» мекеме басшыларына облыстағы механикалық тазалаудан өткен және тазалауды қажет ететін су арналарына қатысты тиянақты сараптама жүргізу ұсынылды.
2025 жылдың бекітілген жоспарын талдай келе Нұрбол Тұрашбеков:
— Болжанып отырған көрсеткіштер меже деп қабылданбасын. Жұмысты дұрыс үйлестіріп, барлық қарым-қабілетті жұмсаған жағдайда күткеннен де жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын естеріңізге саламын. Мүмкіндіктерді шектемеңіздер. Көктемгі дала жұмыстары басталғанша шаруалар мен дихандарға мемлекеттік бағдарламалар жөнінде мейлінше мол ақпарат беріп, түсіндіруді қолға алыңыздар, заңдылығы бойынша құқықтық анықтамалар әзірлеңіздер — деді.
Мәжіліс барысында басқармалардағы орындаушылық тәртіп жайы қозғалып, хаттамалық тапсырмалардың есебі қаралды.