ПРЕЗИДЕНТ ЖОҒАРҒЫ СОТ ТӨРАҒАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасын қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Асламбек Мерғалиев Президентке сот жүйесі қызметінің былтырғы қорытындылары туралы баяндады. Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын, еркіндігін және заңды мүдделерін қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету сот жұмысының басымдығы саналады.
Қаралған істер мен материалдар санының ұлғайғаны, сондай-ақ соңғы 5 жылда сот төрелігін жүзеге асыру сапасының ең жоғары көрсеткішіне (жергілікті соттардың сот актілерінің 98,9 пайызы заңды әрі негізі бар деп танылған) қол жеткізілген.
Бұдан бөлек, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сотқа дейінгі татуласу рәсімдері көптеп қолданылып жатқаны айтылды. Ал, алқабилердің құзыреті кеңейіп, олар қарайтын істердің саны (147-ден 261-ге дейін) екі есеге өскен.
Сол сияқты салаға жасанды интеллект технологияларын енгізгізілмекші екен. Төрағаның айтуынша, бұл әдіс біркелкі сот практикасын қалыптастыруға, судьялардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетуге ықпал етеді. Себебі, материалдар мен істердің үштен бір бөлігі, яғни 2 миллион істің 665 мыңы роботты техниканы қолдану арқылы қаралған.
Сөз соңында судьялардың дербестігін нығайту мен әкімшілік әділет саласын кеңейтуге бағытталған заң шығару бастамалары, сондай-ақ кассациялық соттар құру туралы айтылды.
Өз кезегінде Президент заң үстемдігін қамтамасыз етудің және қоғамның соттарға сенімін арттырудың маңыздылығын тағы да еске салды.
Кей өңірлерде азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары әділ қорғалмай, Президенттен араша сұрайтындар көбейіп келеді. Көпшілігі әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдайтындықтан, қоғамдық талқылауға әділетсіздіктер түсіп жатады. Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан қалыптастыру бастамасына сот орындары әділдігімен үлес қосуы керек.
t.me/aqorda_resmi